Алматыда қызылша ауруы өршіп тұр

Алматыда қызылша ауруы өршіп тұр
Сурет: Egemen.kz

Республика бойынша жыл басынан бері  қызылша ауруын жұқтыру қаупіне қатысты 300-ден астам деректің 200-і расталды. 

Мамандар елімізде эпидемиологиялық жағдай мәз емес деп дабыл қағып отыр. Ауру өршіп тұрған өңірдің бірі - Алматы. Мұнда 130-ға жуық адамға қызылша диагнозы қойылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Оның басым бөлігі - балалар. Дәрігерлер ауырғандардың барлығы қызылшаға қарсы екпе алмаған дейді. Мамандардың айтуынша, вакцина салдырмағандар арасында індет ауыр өтеді.

«Көп жағдайда өкпенің қабынуы вирустық пневмония, бұдан кейін кездесетін балалардың, әсіресе, егілмеген балалардың көзіне зақым келуі мүмкін коньюктивит түрінде. Балалар соқырлыққа ұшырауы мүмкін. Одан кейін бірнеше жылдан кейін болатын асқынулар бар. Мысалы, энцефалит мидың қабынуы. Бұл - жазылмайтын ауру», - дейді Мемлекеттік санитарилық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева.

Қызылшаға қарсы екпе баланың бір жасында, одан кейін алтыға келгенде салынады. Бұдан соң аурудан қорғаныш көрсеткіші 95 процентке жоғарылайды. Дәрігерлердің айтуынша, оның белгілері суық тиюдің белгілеріне өте ұқсас. Бөртпе шыққан күннің өзінде нақты диагнозы зертханалық сараптамадан соң белгілі болады. Әсіресе, оған 5 жасқа дейінгі балалар көп шалдығады. 

«Зиян деп ойлайды. Себебі әртүрлі желіде түрлі ақпарат, бұрмаланған ақпарат жүреді. Соларды естіп алған ата-аналар, көбісі діни ағымдағы ата-аналар бар, сондай ата-аналар уақытында сол екпені алмай қарсы не жазып берген болатын. Эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне байланысты осындай балалардың ата-аналарымен жұмыс жасап жатырмыз», - дейді дәрігер Ұлжан Құрманаева. 

Иә, ата-аналардың кейбірі ауырған балада иммунитет қалыптасады, деп ойлайды. Бірақ ол қалыптасқанымен инфекция адам ағзасында көп жыл бойы сақталады. Әлсіреген кезде қайта белең алып, басқа да созылмалы аурулардың бас көтеруіне алып келеді. Мамандар ауыру арқылы иммунитет қалыптастырса бұл жағдайда бір пайыздан алты пайызға дейін асқынулар кездесуі мүмкін екендігін алға тартады. Ауырып иммунитет алғаннан, ауырмай вакцина қалыптастырған дұрыс дейді олар.      

Қызылша ауа тамшылары арқылы адамнан-адамға тез тарайды. Егер де халықтың 90 проценті егілген болса, таралмай тоқтап қалуы мүмкін.

2019 жылы елімізде қызылшадан 21 адам көз жұмған. Оның 19-ы бала.