Алматыда «Кітап шоу-2023» фестивалі өтті

Алматыда «Кітап шоу-2023» фестивалі өтті
Сурет: Ашық дереккөз

«Оқитын ұлт» жобасы

Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған жыл сайынғы «Кітап шоу-2023» фестивалі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Фестиваль түркі мемлекеттерінің ұйымы жариялаған «2023 жыл - Түркі өркениетінің даму жылы» аясында ұйымдастырылды.

Фестивальдің мақсаты – «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап пен оқуға деген қызығушылығын қолдау, балалар мен жасөспірімдердің оқу сауаттылығын көтеру және кітап оқу мәдениетін дамыту,  сондай-ақ, түркі халықтарының тарихи және әдеби мұрасын насихаттау. 

Мерекелік іс-шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы  Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы құттықтау сөзбен ашып, «КІТАП шоу-2023» фестивалінің басты мақсаты мен шара аясындағы әдеби танымдық, мәдени шараларға тоқталды.

«Кітап шоу-2023»  мерекесі аясында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған «Қазақ балалар әдебиетінің өткені мен бүгіні» атты республикалық ғылыми-теориялық конференциясы; Қырғызстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Ш.Айтматовтың 95 жылдығына арналған  «Шыңғыс Айтматовты оқимыз» атты  халықаралық дөңгелек үстел; «ABAI» әдеби-танымдық, анимациялық энциклопедиясының тұсаукесері және кітап авторлары Р.Зайкенова, Қ.Қараевамен кездесу; Танымал француз фотографы  Жан-Марк Годестің «Жанды кітаптар» фотокөрмесі және шеберлік сағаты; Танымал поляк жазушысы Петр Войцеховскимен онлайн-кездесу; «Өркениет қайсысы: кітап немесе айфон»  пікір-талас алаңы; және де ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан «Түркі  әлемінің бірлігі» атты күйтабақтар, кітаптар және мерзімді басылымдар көрмесі; Қазақстандық баспалардың кітап өнімдерінің сауда-жәрмеңкесі; «Оқы және өзгеге ұсын» буккросинг; Ұлттық шығармашылық қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 

Қонақтар мен қатысушыларға шағын мерекелік концерт ұсынылды, Мелика Шехрибанның көркемдік жетекшілігімен «Ильдизлар» түрік би тобының «Айдачырак» биі, «ZARA CRACIA» би тобының солисті Сона Караева, әзербайжандық «Сары гялин» биімен көркемдік жетекшісі Пирвердиева Зарина Ягубовна өнер көрсетті, «Мурас» қырғыз этномәдени бірлестігінің әншісі Керимбекова Марипаның орындауында «Комузчу» халық әні, Алматы қаласының «Өзбек ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінен  «Лязги» өзбек хорезм биімен мерекелік шоу балеті , Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының жас мамандары «Шашу биін» көрсетті.