Алматыда Халықаралық вокалистер конкурсы басталды

Алматыда Халықаралық вокалистер конкурсы басталды
Суреттерді түсірген: Қ.Қоныспаев

Алматыда Бибігүл Төлегенованың ХII Халықаралық вокалистер конкурсы басталды.

Ару Алматыда алдағы қала күні мен Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрының 95-маусымының ашылуына орай Бибігүл Төлегенова атындағы ХII Халықаралық вокалистер конкурсы өтіп жатыр.

Байқаудың ресми ашылу салтанаты 11 қыркүйек күні Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрында өтті. Конкурс қыркүйектің 17-сіне дейін жалғасады.

«Бибігүл Төлегенованың ХII Халықаралық вокалистер конкурсы әрдайым алматылықтар мен оның қонақтары үшін үлкен мерекеге айналды. Музыка – халықтың асқақ рухының тілі. Ендеше қазақтың дархан даласын музыкамен құбылта білу, қазақ композиторларының қайталанбас туындыларын шебер орындау арқылы халықтың рухани тілін бүгінгі буынға сіңірумен бірдей. Бұл ретте Бибігүл Төлегенованың ХII Халықаралық вокалистер конкурсының халықтық мәдениетті, ұлттық классикалық өнерді көтеруге қосып келе жатқан үлесі зор», – дейді байқау ұйымдастырушылары.

Ал Люксембургтан арнайы келген жюри мүшесі, халықаралық конкурстардың лауреаты, әлемдік опера ханшайымы Елена Заремба байқау туралы келесідей пікір білдірді:

«Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурсы – халықаралық және жоғары деңгейлі жастар үшін ең классикалық музыка байқауы. Яғни, бұл байқау жаңа таланттарға жол ашады. Қатысушыларға өздерінің шығармашылық әлеуетін паш етуге мүмкіндік береді. Кәсіби тәжірбиелік тұрғыда өздерінің шеберліктерін шыңдайтын, классикалық өнерде жоғары деңгейге шығуға жол ашатын алаң, ал өнер жолын жаңа бастап келе жатқан орындаушыларға алғашқы кәсіби алаң деуге болады», – деді ол.

Айта кеткен жөн, Қазақстанның әр түкпірінен, алыс және ақын шетелдерден конкурсқа қатысу үшін Алматыға опералық өнердегі жас вокалистер жиналды. 11 елден келген қатысушылардың саны биыл саны 73-ке жетті. Талап бойынша конкурсқа 1988 жылдың 1 қазанынан кейін және 2004 жылдың 1 қазанына дейін дүниеге келген азаматтар қатысады.

Байқау форматына сай іріктеуден өткен қатысушылар финалдық кезеңде өнер көрсетеді. Барлық тыңдау ашық өткізіледі. Орындаушылардың қатысу реттілігі жеребе арқылы анықталып, байқау аяқталғанша сақталады. Финалға жарыста іріктелген 14 қатысушы өтеді.

Қатысушылардың өнерлерін жоғары мәртебеге ие кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында Италия, Люксембург, Чехия, ҚХР және Қазақстанның әлемдік деңгейдегі опералық өнер майталмандары бар. ХII Халықаралық вокалистер конкурсының қазылар алқасының төрайымы КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, академик – Бибігүл Төлегенова.

Байқаудың ұйымдастырылуына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Мирас» қоғамдық ұлттық мәдениет қоры» қоғамдық бірлестігі және Алматы қаласының әкімдігі үлкен қолдау көрсетіп отыр.