Алматыда кенеге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстарының екінші кезеңі жүргізіледі

Алматыда кенеге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстарының екінші кезеңі жүргізіледі
Сурет: Ашық дереккөз

Өңдеу жұмыстары таңғы уақытта жүргізіледі

Алматыда 15 мамырдан бастап ауданы 2424,54 га болатын орманды алқаптарда, қала саябақтары мен скверлерінде кенелерге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстарының екінші кезеңі басталады. Бұл туралы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Спикердің сөзінше, Алматыда 15 мамыр - 5 маусым аралығында кенеге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстарының екінші кезеңі өтеді.

«Өңдеу жұмыстарымен 8 орманды алқап (көлемі – 1904,924 га), 144 қала саябақтары мен скверлері (көлемі – 519,616 га) қамтылады және ауа-райына байланысты, яғни, құрғақ, жауын-шашынсыз күндері кестеге сәйкес 15 мамырдан 5 маусымға дейін жүргізіледі. Дезинсекциялық іс-шараны қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандарының бақылауымен «Алматы қаласының дезинфекция орталығы» филиалы жүргізеді», - деді Қасымхан Алпысбайұлы.

Жасақталған дезбригадалар қажетті құралдармен, көліктермен және жеке бас қорғаныш заттарымен жабдықталған. Өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін «Фаворит» акарицидтік препараты қолданылады. Препарат аз уытты және қауіптілігі төмен санатқа жатқызылады (3-4 класс).

Кенелермен күресу үшін қолданылатын дозалар ең аз және адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз болып табылады.

«Өңдеу жұмыстары таңғы сағаттарда жүргізіледі. Өңделетін аумақтардың шекараларында «Кенеге қарсы өңдеу жүргізілуде» ескерту хабарламалары бар тақталар орнаталады», - деді Алматы қаласының СЭБД басшысы.

Еске салайық, Алматыда 29 наурыз – 28 сәуір аралығында кенелерге қарсы өндеу жұмыстарының бірінші кезеңі өткен болатын.