Алматыда қару-жарақ салынған көлік ұсталды

Алматыда қару-жарақ салынған көлік ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Өткен түні Алатау аданы аумағында күдікті көрінген екі Toyota көлігінің жүргізушілері полиция назарына ілікті.

Күдіктілердің бірнешеуі бұрын істі болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Тәртіп сақшыларын көре сала, жүргізуші мен оның жолаушылары жан-жаққа қаша жөнелген. Алайда олар қолға түсті. Олардың көліктерін тексеру барысында көлік ішінен Сайга және ТОЗ қарулары, пышақ, травматикалық тапанша, оқ табылып, тәркіленді. Ұсталған азаматтар Алматы қаласының және Алматы облысының тұрғындары екендігі белгілі болды. Ең жасы 19-да болса, үлкені 37 жаста. Қолға түскен 8 күдіктінің үшеуі бұрын сотты болған», – деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Талғат Беркінбаев.

Аталған дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 287-бабы бойынша тіркелді. Сараптамалық зерттеудің қорытындысын ескере отырып, қылмыстық іс бойынша қаулы шығарылды. Тергеу барысында тәркіленген қарудың шығу тегі мен тиесілігі анықталатын болады.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.