Алматыда «Қара шаңырақ – 2022» атты фестивалі басталды

Алматыда «Қара шаңырақ – 2022» атты фестивалі басталды
Сурет: Ашық дереккөз

Іс-шара кино және театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Қара шаңырақ – 2022» атты фестивалі басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Іс-шара биыл КСРО және Қазақстанның Халық әртісі,  кино және театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған. Жыл сайын ұйымдастырылатын фестивалде театрдың бір маусымында шыққан жаңа спектакльдерге талдау жасалады. Мақсаты – жаңа қойылымдардың сапасын, актерлердің шеберлігін бағалау. Фестиваль 11 желтоқсанға дейін жалғасады.

«Актерлер үздіксіз ізденуі қажет. Ізденіс тоқтаған кезде, актерлік өнер де тоқтап қалады. Ал оны бағалау театр сыншылары үшін де, біз үшін де қажет. Қай бағытта бара жатырмыз? Қандай актерлік жетістігіміз бар, қандай олқылығымыз бар? Соны саралауымыз керек», – деді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қоюшы режиссері Әубәкір Рахимов.

Әкемтеатр ұжымы Әзірбайжан Мәмбетовке арналған көрме де ұйымдастырған. Онда өнер ордасының музейінде сақталған 100-ге жуық фотосурет пен афишалар ұсынылған. Қоғам қайраткерінің тарихи спектакльдердегі сахналық образы, майлы бояумен бейнеленген портреттері қойылған.

«Құнды, тарихи керемет жәдігер қолымызға тиді. 1984 жылы Мәскеудегі Вахтангов театрында Әзірбайжан Мәмбетовты шақырып, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн» спектаклі қойылған екен. Сол кездегі афиша бізге жетіп отыр», – деді  М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы.