Алматыда қаңтар оқиғасында күдікті ретінде қамауға алынғандар жақындарымен жүздесті

Алматыда қаңтар оқиғасында күдікті ретінде қамауға алынғандар жақындарымен жүздесті
Сурет: For.kg

Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған төрт бала да болған.

Алматыда қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде тергеу изоляторына 500-ге жуық күдікті жеткізілген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Алматы қалалық полиция департаментінде мәлім еткендей, қамалғандардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған төрт бала да болған, қазір оның екеуі шығарылды. Қамалғандардың жартысы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Қазір қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктерге қатысқан 250 адам қамауда отыр. Тергеу қамауындағылардың көбісі - тұрмыстық техника ұрлағандар мен мародерлікпен айналысқандар.

«Тұтқындардың жақындарымен кездесуі Алматы қалалық прокуратурасымен бірлесе отырып жүзеге асырылды. Жалған ақпараттарға жол бермеу үшін, Адам құқығын қорғау жөніндегі уәкіл, прокуратура, Мәжіліс депутаттары үнемі тексеріс жүргізіп отырады. Қамаудағылардың кейбіреуі туыстарымен немесе қорғаушыларымен екінші рет кездессе, кейбіреулері алғаш рет жүздесіп отыр. Күдіктілерге аптасына екі рет кездесуге рұқсат етілген», – деді ЛА-155/18 мекемесінің бастығы Әсет Жұмадиев.

Сондай-ақ, полицияда кездесуге келгендер қамаудағы туыстарының тамақтану және ұстау жағдайын сұрап, қанағаттанарлық жауап алғаны туралы хабарлады.