Алматыда ерекше көзге түскен полиция инспекторлары марапатталды

Алматыда ерекше көзге түскен полиция инспекторлары марапатталды
Сурет: Polisia.kz

Әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау полиция бөлімшесінің құрылғанына - 25 жыл.

Осы күнге орай Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров қызметте ерекше көзге түскен инспекторларды марапаттады.

«Бұл бөлімше қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі – әйелдердің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдерге қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесу. Полиция қызметінің бұл саласы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазалар қатайтылып, оны анықтаудың нысандары мен әдістері жетілдірілді. Сонымен қатар ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша ішкі істер органы жүйесінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мамандандырылған қызмет құрылады. Алматыда қосымша штат бөлініп, бөлімшенің материалдық-техникалық жарақтандырылуы қамтамасыз етілді», – деді Арыстанғани Заппаров.

Сондай-ақ спикер, әріптестерін атаулы мерекелерімен құттықтап, қызметтік борышын жанқиярлықпен және абыроймен атқаруға шақырды.

«Біз өскелең ұрпаққа қоғамдағы және отбасындағы мінез-құлықтың дұрыс үлгісін көрсетуге міндеттіміз. Ендеше, жастарды тәрбиелеуде қандай үлгі-өнеге басым болатынын біздің жұмысымыздың сапасы анықтайды», – деді Алматы қаласының бас полицейі.