Алматыда дәрі-дәрмек қоры кем дегенде екі айға жетеді

Алматыда дәрі-дәрмек қоры кем дегенде екі айға жетеді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматыда дәріханалар штаттық режимде жұмыс істейді

Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысы барысында мегаполисті дәрі-дәрмектермен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Алматыдағы 975 дәріхананың 920-ы (95%) штаттық режимде жұмыс істейді. Оразалиннің айтуынша, бүгінде олардың барлығы дерлік қажетті дәрі-дәрмектермен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен толық қамтамасыз етілген.

«Ағымдағы жылы тұрақтандыру қоры арқылы дәрілік заттарды сатып алу тетігі ұзартылды. Осылайша, қаланың бөлшек сауда желілері үшін негізгі жеткізушілер «Инкар» ЖШС, «МФК БИОЛА» ЖШС және «КФК Медсервис Плюс» ЖШС болып табылады, олармен сатып алу үшін шарт жасалды. Жеткізудің жалпы көлемі 9,2 млн теңгені құрайды», - деді кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы.

Сонымен қатар, ол осы компаниялардың қоймаларындағы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың жалпы қалдығы 15,5 млн бірлікті құрайтынын, бұл қаладағы тапшылық тәуекелдерін барынша азайтатынын атап өтті. Сондай-ақ, көтерме жеткізушілер мен қаланың бөлшек сауда желілерінде шамамен 2 ай мерзімге жеткілікті қор бар.