Алматыда бюджет қаражатын жымқырған мемлекеттік қызметкерлер сотталды

Алматыда бюджет қаражатын жымқырған мемлекеттік қызметкерлер сотталды
Сурет: Arasha.kz

Алматыда агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) дамытуға арналған бюджет қаражатын жымқырған мемлекеттік қызметкерлер сотталды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының үкімімен Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бұрынғы басшысы А.Керімбек, оның қарамағындағылар К. Әбдіжаббарова, Д. Тазабек және «Молпродукт» ЖШС директоры Р. Сүлейменова бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Мемлекеттік қызметкерлер ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялауға бөлінген 423 млн теңгені жымқырған «А.Керімбек, К. Әбдіжаббарова мен Д.Тазабекке мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал, Р. Сүлейменоваға коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды». – делінген агенттік таратқан ақпаратта.