Алматыда бітімгерлік миссияның офицерлеріне арналған курс өтуде

Алматыда бітімгерлік миссияның офицерлеріне арналған курс өтуде
Сурет: Gov.kz

15 әскери қызметші қатысып жатыр.

Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік дайындық орталығында «БҰҰ штабтық офицерлері» халықаралық курсы аясында офицерлерді оқыту ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Аталған даярлық курсына Қазақстан, Ұлыбритания, Мозамбик және Пәкістаннан келген 15 әскери қызметші қатысып жатыр. Баяндамашылар ретінде Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Аймақтық өкілдігінің өкілдері, сондай-ақ БҰҰ-ның Кипрдегі миссиясының Британдық сарапшысы шақырылған», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Екі апта бойы офицерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен бітімгерлік операцияларда көпұлтты штабтар құрамында жұмыс істеу негіздерін үйренеді. «БҰҰ штабтық офицерлері» курсы ағылшын тілінде өткізіледі және бұл курс 2018 жылы тиісті халықаралық сертификаттаудан өткен.

Тыңдаушылар сабақ барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымымен, ережелерімен, рәсімдерімен, сондай-ақ бітімгершілік қызметті реттейтін құқықтық нормалармен танысады. Бағдарламада жоспарлау және шешім қабылдау үдерістерін, БҰҰ миссияларындағы халықаралық штабтар бөлімдері мен қызметтерінің негізгі функцияларын зерделеу де көзделген.