Алматыда БАҚ қызметкерлері арасында бильярдтан турнир өтті

Алматыда БАҚ қызметкерлері арасында бильярдтан турнир өтті
Cурет: Almaty-akshamy.kz

«Вечерний Алматы» газеті өзінің 85-жылдығы мен ҚР Тәуелсіздігінің мерейтойын осылай атап өтті

Алматыда «Мост» бильярд клубында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында «Вечерний Алматы – 85» атауымен турнир өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Доданы Вечерний Алматы және Almaty aqshamy басылымдарын шығарушы «Alatau Aqparat» медиахолдингі ұйымдастырды. Бас демеуші – Қазақстан Республикасы Құрылыс салаларының Одағы. БСФ бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі төреші Роман Бузурходжаев бастаған Қазақстан Республикасы бильярд спорты федерациясының төрешілер алқасы додаға төрелік жасады. «Вечерний Алматы» басылымы алғаш рет 1936 жылдың 23 сәуірінде жарық көрген. Бүгінде оның тиражы 36 мың дананы құрайды. 

Турнир барысында белгілі болғандай, «Вечерний Алматы» газетінде қарымды қаламгерлер ғана емес, бильярд ойнының шеберлері де қызмет етеді екен. 

Жарысқа түрлі телеарналардан, мерзімді басылымдар мен ақпарат агенттіктерінен 32 өкіл қатысты. Барлық қалам иелері мен таспагерлер бұл күні микрофон, диктофон және компьютерді бильярд тастаяғына алмастырды.

Бұл жарыс бірнеше турдан тұрды және соңына дейін кімнің жеңімпаз болатынын ажырату оңай болмады. Қатысушылардың спортқа деген құлшынысы финал аяқталғанша бәсеңдемеді.

«Карантинде екі жыл отырғаннан кейінгі бұл бірінші өтіп отырған жарыс. Сондықтан қиын болды. Адамдар бір-бірімен кездесіп, шүйіркелесуді сағынып қалды деп ойлаймын. Қалыпты өмірге оралып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Жаңа жылды жақсылап қарсы алу үшін барлығымызға вакцина алып, сау жүргеніміз дұрыс», -деді «Вечерний Алматы» газеті бас редакторының орынбасары Михаил Буренков.

«Хабар» агенттігінің телеоператоры Кенже Амраев мұндай турнирлерге үнемі қатысып жүреді. Оның ойынша, бильярдта математикалық нақтылық пен жеңіске деген құлшыныс керек, онсыз кәсіби де, әуесқой ойыншы да жеңіске жете алмайды.

«Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қаламыздың ірі басылымының 85 жылдығын атап өтіп отырмыз. Бұл ерекше жағдай. Бізді кәсіби мамандығымыз құрылыс саласынан бөлек, спорт та біріктіреді»,– деп атады, Қазақстан Құрылыс салаларының Одағы басқармасының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Ералы Сауранбаев.

Тартысты додада Еуразия бірінші телеарнасының шеф-редакторы 
Меймеш Умбетали турнир жеңімпазы атанды. 

Екінші орынды Alatay Aqparat медиахолдингі бас директорының орынбасары Нұржан Шынтаев иеленді. 

Үшінші орын «Алматы» телеарнасының операторы Мұратбек Алмасханға бұйырды. 

Вечерний Алматы және Almaty aqshamy газеттерінің атынан ынталандыру сыйлықтарымен «Время» күнделікті газетінің редакторы Феликс Ғабитов және «Алматы» телеарнасы контент өндірісі департаментінің директоры Алмат Әбдіраман марапатталды. 

«Вечерний Алматы» газетінің «Жеңіске деген жігері үшін» ынталандыру сыйлығын «Қазақстан» телеарнасының Алматыдағы филиалы директорының орынбасары Руслан Қосанов иеленді. 

Сонымен қатар бас демеуші -  Қазақстан Құрылыс салаларының Одағы басқармасының және қолдау танытқан ҚР БСФ және «Мост» бильярд клубының  арнайы сыйлықтарын «Жас қазақ» газетінің тілшісі Ерғали Бақаш, «Матрица.kz» порталының редакторы Серік Мәмбетов және «Караван» газетінің менеджері Руслан Разямов иеленді. 

Медиахолдингтің коммерциялық директоры Қуаныш Дюскалиев доданың бас демеушісі - Қазақстан Құрылыс салаларының Одағы басқармасына және қолдау танытқан ҚР БСФ мен «Мост» бильярд клубына алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті. Турнирдің барлық қатысушылары шара ұйымдастырушылары тарапынан «Вечерний Алматы» газетінің  кәдесыйларын иеленді.