Алматыда бәйшешек гүлдеді

Алматыда бәйшешек гүлдеді
Сурет: Instagram/ile_alatau_nationalpark

Табиғаттың бұл құбылысы қайран қалдырды.

Биыл мұндай жағдай еліміздің әр аймағында қайталанып тұр, қыс келгеніне қарамастан, Алматы облысының тауларында да көктемде, жазда өсетін өсімдіктер гүлдей бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Іле-Алатау ұлттық паркінің мамандары бұл құбылысқа бірқатар факторлар әсер етіп отырғанын айтты.

Мамандар Жер планетасы тарихтағы ең ыстық жазды биыл, яғни 2023 жылы өткергенін еске салып өтті.

"Ұзақ мерзімді климаттық тенденциялар, жаһандық климаттың өзгеруі маусымдық ауа райына, соның ішінде жауын-шашын мен температура режиміне әсер етіп, қардың түсуін кешіктіреді", – делінген хабарламада.

Фотограф Дмитрий Доценко желтоқсанның 4-күні Алматы шатқалдарының бірінде Алатау бәйшешегін кезіктіріп, суретке түсіріп алған.

"Бұл құбылысқа көз жеткізу мақсатында ғылыми бөлім мамандары Алатау бәйшешегі шығатын орынға барып, тек бәйшешектің емес, өзге де гүл түрлерінің "оянып" жатқан сәтіне куә болып қайтты" делінген, Іле-Алатау ұлттық паркі таратқан ақпаратта.

Мамандар желтоқсандағы сапар барысында тау беткейінде өсіп тұрған айдаршөп (лат. Corуdalіs), ботакөз (лат. Myosotis), көкшытырша (лат. Berteroa incana) сияқты мамыр-маусым айларында шығатын гүлдердің жайқалып өскені өте сирек құбылыс екенін атап өтті.