Алматыда автокөліктің салық берешегін мәжбүрлі өндіріп алу акциясы жүруде

Алматыда автокөліктің салық берешегін мәжбүрлі өндіріп алу акциясы жүруде
Сурет: Inform.kz

Алматыда 17 маусымнан бастап «Салық берешегі жоқ қала» акциясы басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, акцияның мақсаты автокөлік иелерінен салық берешегін мәжбүрлі түрде өндіріп алу. Акция шеңберінде Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті қалалық полиция департаменті және жеке сот орындаушыларымен бірлесе рейдтік іс-шаралар өткізеді.

Рейд барысында берешегі бар борышкерлердің автокөліктері «Сергек» бейнекамералары арқылы анықталып, берешек толық өтелгенше айыппұл тұрағына қойылады. Екі сағат жұмыс ішінде 11 млн теңге қарызы бар оннан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды.

«Бүгінгі күні мегаполисте көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешек 5 млрд теңгеден астам соманы құрады. Бұл ретте соманың негізгі бөлігі қозғалтқыш көлемі 4 мың текше см-ден асатын көлік иелеріне тиесілі. Айту керек, салық берешегін «е-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы, Екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары, мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz интернет-ресурсында немесе 1414/3 бірыңғай байланыс орталығы арқылы тексеріп, төлеуге болады», - делінеді хабарламада.

Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті автокөлік иелерін қолайсыз жағдай мен сот орындаушылары және айыппұл тұрағының қызметіне шығынданбас үшін салық берешектерін уақытылы өтеуге шақырды.