Алматыда Астана күніне арналған онлайн іс-шаралар әзірленді

Алматыда Астана күніне арналған онлайн іс-шаралар әзірленді
Сурет: Baq.kz

Қаладағы 25 кітапхана мен бірнеше музейде Елорда күніне арналған іс-шаралар өтеді. 

Қазақстанда 6 шілдеде мемлекеттік мереке — Астана күні атап өтіледі. Осы күнге орай өтетін іс-шаралар туралы қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қаласы бойынша төрағасының орынбасары Нұрия Ниязова айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Спикерлердің айтуынша, биыл карантинге байланысты көптеген іс-шара онлайн режимде өтеді.

Мысалы, 6 шілдеде С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде «Астана ажары» көрмесі (онлайн) өтеді.

Сол күні мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында «Ел тірегі – Елорда» семинары (онлайн) өтеді. Семинарда Нұр-Сұлтан қаласының тарихы, мәдениеті, дамуы, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өмірі мен жұмысы туралы айтылады.

«6 шілдеде сағат 10.00-де офлайн режимінде «Ер Төстік» спектаклінің премьерасы өтеді. Ал, кешкі сағат 18.00-де Qazaq радиосының «Арман әлемі» мерекелік радиоспектаклі өтеді», – деді Алматы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев.

Оның айтуынша, Алматыдағы 25 кітапхана мен бірнеше музейде Елорда күніне арналған іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар іс-шаралардың бір бөлігі домбыра күніне арналады және қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысады. Бағдарламалар отандық телеарналарда көрсетіледі.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы қаласы бойынша төрағасының орынбасары Нұрия Ниязова тұрғындарды келе жатқан мерекемен құттықтады. Ол мерекені індетке байланысты үйде, жақын адамдар арасында атап өту керек екенін айтты.

«Рухы бір халықпыз, біз бірге кез келген сынақты жеңеміз, өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз. Бұл құттықтауларды Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан жолдаймын», – деді Нұрия Ниязова.

ҚХА өкілі Алматы жастарының елімізде Ассамблея құру туралы бастама көтерген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған жобаларды қуана жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

Айта кетерлігі, Алматыда 37 қалалық және 19 республикалық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың барлығы жыл сайын Қазақстан Республикасының Астана күнін атап өтеді. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық іс-шараларды онлайн форматта өткізеді.