Алматыда әжесін өлтірген жасөспірім сотталды

Алматыда әжесін өлтірген 18 жастағы жас жігіт 12 жыл алты айға сотталды.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, 2020 жылдың қарашасында Медеу ауданындағы жеке үйлердің бірінде өрт шыққан. Оқиға орнынан әйелдің денесі табылған. Сот-медициналық сараптама өлім жедел жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жеткіліксіздігі салдарынан болғанын көрсетті. Бұған ток соғуы себеп болған.
«Алайда кейін қылмыстық іс материалдарын зерделеп, марқұмның туыстарының уәжін бағалаған прокурорлар қосымша тергеу жұмыстарын бастады. Қадағалау органының нұсқауымен мәйіт эксгумацияланып, сот-медициналық сараптама комиссиясы тағайындалды. Сондай-ақ басқа да бірқатар тергеу әрекеті жүргізілді», - деп хабарлады қалалық прокуратурадан.
«Марқұмның 18 жастағы немересі қасақана кісі өлтірді деген күдікке ілінген, ол өз кінәсін мойындап, сол күні отбасылық жанжал кезінде әжесін қылқындырып өлтіргенін айтты. Үйдегі ақша мен зергерлік бұйымдарды иемденіп, қылмыстың ізін жасыру үшін қасақана өрт шығарған», - деп атап өтті қадағалау органы.