Алматыда әлі салынбаған әрі құрылысына рұқсат етілмеген үйден пәтер сатылған

Алматыда әлі салынбаған әрі құрылысына рұқсат етілмеген үйден пәтер сатылған
Сурет: Inform.kz

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Telegram каналында жазды.

Соңғы уақытта көп қабатты үйлер мен әлеуметтік объектілерде рұқсатсыз құрылыс жүргізу мәселелері жиілеп кеткен. Аталған кемшілік - мемлекеттің және жалпы ел тұрғындарының ортақ мәселесі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Ведомство басшысының пайымдауынша, жыл басынан бері құрылыс нысандарында жалпы сомасы 169 млн теңгеден астам 615 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.

«Біз жергілікті атқарушы органдардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жұмыстарын тұрақты негізде өз бақылауымызда ұстаймыз. Мәселен, Алматы қаласында тұрғын үй кешендерінің бірінде құрылыс жұмыстары заңсыз жүргізілген. Рұқсат беретін құжаттарды учаскенің меншік иесі де, құрылыс салушы да ұсынбаған. Құрылыс салушы пәтерлерді сатып алу-сату шарттарын жасасуға құқығы болмағанына қарамастан, аталған тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер еркін саудаланған. Тіпті, құрылыс салушының үлескерлерден ақша тартуына рұқсат берілмеген», – деді министр.

Осылайша, биыл 28 наурызда Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы кейбір ғимараттарда құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру және анықталған кемшіліктерді түзету туралы ұсыныс берді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары тоқтатылып, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң нормаларын бұзғаны үшін құрылыс салушыға қатысты хаттама толтырылған.

Министр сонымен бірге қаңтар-наурыз айларында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты комитеті 32 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 26 нұсқама берілгенін, сондай-ақ, 18 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

Ендігі кезекте ҚР ИИДМ мемлекеттік бақылау және объектілерді пайдалануға қабылдау жүйесін толығымен қайта қарайды. Бұл ретте бақылау механизмін күшейту жоспарланып отыр. Оның ішінде, объектінің пайдалануға беру дайындығын растау үшін нысандарды қабылдау барысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарыны міндетті түрде қатысатын болды.