Алматыда 30 мыңнан астам адам декларацияны әлі тапсырмаған

Алматыда 30 мыңнан астам адам декларацияны әлі тапсырмаған
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Декларацияны мерзімінде ұсынбағаны үшін ҚР ӘҚБтК әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Алматыда 250.00 нысанындағы декларацияны әлі 30 195 адам тапсырған жоқ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталған. Екінші кезең шеңберінде жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны 250.00 нысаны бойынша мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері, сондай–ақ олардың жұбайлары ұсынуы тиіс.

«Алматы қаласы бойынша жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі шеңберінде 152 484 жеке тұлға декларация тапсыруға міндетті. Декларацияны тапсыру мерзімі 15 қыркүйекте аяқталады. Алайда, 30 195 адам өз міндеттемелерін әлі орындамады. Декларация ұсынбаған жеке тұлғалардың жалпы санының 61% - ы немесе 18 440-ы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қызметкерлеріне, қалғаны квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне тиесілі», - деп хабарлады Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.

Декларацияны электронды түрде «Салық төлеушінің кабинеті» (cabinet.salyk.kz), «электрондық үкімет» порталы арқылы (egov.kz), сондай-ақ esalyq azamat мобильді қосымшасының көмегімен тапсыруға болады. Сондай-ақ барлық сұрақтар бойынша бірыңғай байланыс орталығына 1414 нөміріне хабарласуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, таяу күндері қате кеткен декларацияны түзету мүмкіндігі жайлы ақпарат берген болатынбыз. Қате толтырылған декларацияны түзету туралы мына жерден оқи аласыздар.