Алматыда 3 мыңнан аса тұрғын бірнеше күннен бері сусыз отыр

Алматыда 3 мыңнан аса тұрғын бірнеше күннен бері сусыз отыр
Cуреттер: Qazaqstan.tv

Наурызбай ауданындағы «Нұрлы дала» тұрғын үй кешеніне тіршілік көзі арнайы көліктермен жеткізілуде.

Десе де, барлығына бірдей жетпейді. Тұрғындар шілденің шіліңгір ыстығында жуынып-шайынудан қалғанын айтып шағымдануда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Оның өзіне қол жеткізу үшін сағаттап кезекке тұру қажет. Жағдайды пайдаланып, маңайдағы дүкендер де ауыз су бағасын қымбаттатып жіберген. Шарасыз тұрғындар тіпті арықтан әкелінген суды да пайдаланған.

«Қалпына келтіру жұмыстары түннен таңертеңге дейін жоспарланған болатын. Алайда суық суды өшіру қиындауына байланысты жұмыстар ұзақ уақытқа созылды. Бүгін құбырды толықтай жөндеп, ауыз суды бердік», - дейді Наурызбай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Фархад Жаңбыров.

Тұрғындар ыстық судан да қағылған. Әкімдіктегілердің айтуынша, қазір жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан ол тамыз айында қосылады дейді. Ал, жиі сөнетін жарық мәселесіне осыған дейін орын алған апаттар себеп. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайды деп сендірді.