Алматыда 2023 жылдың соңына дейін 4 мемлекеттік балабақша ашылады

Алматыда 2023 жылдың соңына дейін 4 мемлекеттік балабақша ашылады
Сурет: ашық дереккөз

Алматы әкімі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының қатысуымен өткен мегаполисті дамыту жөніндегі кеңесте қаланың балабақшалары мен мектептерінде кезекті төмендету бойынша қандай шаралардың қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Бірінші кезекте, мектепке дейінгі білім берудегі бұл мәселенің шешімін жеке бизнесті тартудан көреміз. Биыл 76 жекеменшік балабақшада 5 330 орынға тапсырыс орналастырылуда. 2023 жылдың соңына дейін 860 орындық 4 мемлекеттік балабақша ашу жоспарланған. Мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы өзекті мәселе болып қала береді. Сондықтан 2023 жылдың соңына дейін жергілікті бюджет және жеке инвестициялар есебінен 5 670 орындық 11 мектеп пен қосымша құрылыс пайдалануға беріледі», - деді Ерболат Досаев. 

Бұған қоса, әкімдік Саялы, Зерделі ш/а-да 2024-2025 жылдары пайдалануға берілетін 1100 орындық 2 мемлекеттік мектеп пен 2 950 орындық 8 қосымша құрылысты жобалау мен салуды жалғастырып отыр. 

«Қала үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ерекше маңызды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-мен бірлесіп, бүгінде мектеп құрылысына инфрақұрылым дайындау аяқталуда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 19 млрд теңге қарастырылған», - деді Алматы әкімі. 

Бұған дейін Алматы қаласы әкімдігінің жобалық кеңсесінде хабарланғандай, жаңа форматтағы мектептердің басым бөлігі Алатау және Наурызбай аудандарында 5 мектептен салынады. Бостандық ауданында 4 мектеп, Түрксіб ауданында 3, Әуезов ауданында 2 мектеп, ал қалған аудандарда бір мектептен салу көзделген. Мектептер тапшылық қатты байқалатын жерлерде бой көтереді. 
Әрі Алматыда 2024-2025 жылдары 1440 орындық 2 мемлекеттік колледж құрылысы жүріп жатыр, ал биыл маусым айында Наурызбай ауданында Балаларға арналған инновациялық шығармашылық орталығы ашылды. Биыл 25 тамызға дейін Алатау ауданында осындай орталық ашылады. 

Сонымен қатар, биыл 1 қыркүйектен бастап алғаш рет 30 мектепте «Мектеп автобусы» жобасы іске асырылып, 100 автобус сатып алынды. 2023 жылы 7,7 мыңнан астам бала қамтылады.