Алматы тауларында қар көшкіні жүру қаупіне байланысты блок бекеттер қойылды

Алматы тауларында қар көшкіні жүру қаупіне байланысты блок бекеттер қойылды
Сурет: Massaget.kz

Алматы тауларында қар көшкіні жүру қаупі бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, таулы аймақтарда қар жамылғысы тұрақсыз, қардың қалың (кейбір жерлерде 100-120 см) болуына байланысты тау беткейлерінде көшкін жүру қаупі бар.

«Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Казселденқорғау» мамандары «Медеу» бөгетінен жоғары Шымбұлақ - Эдельвейс тасжолының бөлігінде блок бекеттер орнатты. Таулы аймақтардағы қар көшкіндері - аса қауіпті табиғи құбылыс. Қар көшкіндерінің максималды жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетуі мүмкін», - делінеді ТЖД хабарламасында.

Сондай-ақ, ТЖД мәліметінше, 24 қарашадан бастап Алматы тауларында 14 рет өздігінен түскен қар көшкіні тіркелді. Зардап шеккендер болған жоқ.

«Мамандар профилактикалық түсіруді «Қазгидромет» РМК ұсынымдары негізінде, ауа райы қолайлы болған жағдайда жүргізеді. «Қазгидромет» РМК және «Қазселденқорғау» ММ бекеттері қар көшкіні жағдайына тұрақты мониторинг жасап отыр. Алматы өңірінде 165 көшкін алқабы бар, оның 18-і «Медеу» спорт кешені, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты және Үлкен Алматы көлі аудандарында орналасқан», - деп хабарлады қалалық ТЖД-дан.

Алматы қалалық ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарын таулы беткейлерге шығудан бас тартуды сұрады.