Алматы полицейлері Халықаралық нашақорлықпен күрес күні қарсаңында спорттық онкүндікті өткізді

Алматы полицейлері Халықаралық нашақорлықпен күрес күні қарсаңында спорттық онкүндікті өткізді
Сурет: Polisia.kz

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күннің аясында мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысқан шағын футбол және волейбол турнирлері өтті.

Алматы полицейлері Халықаралық нашақорлықпен күрес күні қарсаңында спорттық онкүндік өткізді, – деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Polisia.kz. сайтының хабарына сілтеме жасап.

Іс-шараны есірткіге қарсы күрес басқармасының, әкімдіктің және білім басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп өткізді. Ойыншылары 10-13 жас аралығындағы балалардан құралған 46 футбол командасы және 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдерден құралған 10 волейбол командасы марапаттар мен кубоктар үшін сайысқа түсті.

 «Біздің ортақ мақсатымыз – есірткісіз болашақ құру. Дені сау ұрпақ – еліміздің болашағы. 1987 жылдан бастап, жыл сайын 26 маусымда әлемдік қоғамдастық Халықаралық нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күнді атап өтеді. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы нашақорлық – күннен-күнге өршіп келе жатқан жаһандық мәселе. Бұл - заманымыздың ең қорқынышты құбылыстарының бірі. Күн сайын көптеген адамдар есірткі тұзағына ілінуде, оның көмегімен күнделікті проблемалардан жасырынуға тырысады. Өз өміріне байланысты мұндай эксперименттер үшін ақы төлеу шексіз, ал нәтижелері кейде қайтымсыз болады», – деді Алматы қалалық ПД есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов.

Сонымен қатар спикер бүгінде Қазақстанда есірткіге қарсы нақты және дәйекті стратегия жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Оның аясында нашақорлықтың алдын алуға, ескертуге және жолын кесуге бағытталған бірқатар жобалар басталды.

«Біз барлығын есірткіден, темекіден және алкогольден бас тартуға, есірткі және алкоголді ұсынған адамға «ЖОҚ» деп нақты айтуға, психикалық белсенді заттарды қолдануға байланысты жағдайлардан аулақ болуға және өмірді, спортты, салауатты өмір салтын таңдауға шақырамыз», – деді Ерлан Алмағамбетов.