Алматы полицейлері самокат жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

Алматы полицейлері самокат жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуде
Сурет: Polisia.kz

Алматы қаласының полицейлері самокат жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қалалық ПД-ның патрульдік полициясы және мамандандырылған батальонының инспекторлары ҚР-ның «Жол қозғалысы туралы «Заңына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын бастады. Атап айтқанда, Заң «электрлі самокат» ұғымымен толықтырылған, ол максималды жылдамдығы 25 км/сағ аспайтын көлік құралы ретінде қарастырылады. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, электрлі самокат жүргізушілері велосипед жолымен қозғалады. Олар болмаған жағдайда, заңда белгіленген шарттар мен тыйым салуларды ескере отырып, электрлі самокаттарға жүру бөлігінің оң жақ жиегімен жүруіне рұқсат етіледі.

Сонымен қатар электрлі самокаттардың жүргізушісі кемінде 18 жаста болуы керек, ол басына дулыға және үстіне шағылыстыратын киім киюі қажет, сондай-ақ кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы шарт.

Жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақпен электр самокаттарын жүргізу кәмелеттік жасқа толған және кез келген санатты жүргізуге құқығы бар адамдарға рұқсат етіледі.

Ережелердің бірін бұзған жағдайда жүргізушілер ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы және ҚР ӘҚБтК-нің 620-бабымен жауапкершілікке тартылады

Аталған баптардың санкциялары бойынша құқық бұзушыларға 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.

Құқық бұзушылар патрульдеу барысында, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жедел-профилактикалық іс-шараларды жүргізу барысында анықталатын болады. Заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.