Таразы туып, таң суыйды...

Таразы туып, таң суыйды...
ru.wallpaper.mob.org

Міне, тамылжыған Тамыз айы да (Сүмбіле) табалдырықтан аттады. Қайсыбір этнографтар айдың аты еврейдің ежелгі «туммуз» деген сөзінен шыққан деп жорамалдап жүр. Бұл қисынсыз айтылған ұшқары, орынсыз пікір. Қазақтар бұл айды – «сарша тамыз» деген. Тамыз – қазақтың тамылжу, маужырау, тыныштыққа шому, елжіреу деген сөзінен шыққан.

Кеңінен тоқталар болсақ, «сарша» сары сөзінен шыққан. Сын есім. Осы мезгілде төңірек шөбі қурап, сарғаяды, сары түске енеді. Жеміс-жидек, бақша өнімдері түгелге жуық уылжып піседі. Тары мен күздік бидай, күріш піседі. Ауа райы да тамылжып тұрады.

Ақын тілімен суреттегенде төмендегідей болып шығады:

«Уылжып жеміс-жидегі,

Көкөніс пісіп үйдегі.

Аулалар толып алмаға,

Аңызақ, аптап сиреді...».

Шілденің қатты ыстығынан кейін «сарша» амалы өтті, оны алдыңғы пайымда жаздық. Үркер туды. Алай-дүлей дауыл тұрып, жел соғып, жаңбыр жауды. Адамға жайсыз болғанымен, малға жайлы жаңбыр бұл. Күн күркіреді, найзағай ойнады. Аспанды шаңды дауыл бүркеді (21 шілде, 2023), қанша ағаш сынды, автокөлікті басып қалған оқиғалар да орын алды...

Шілдеде туған жаңа ай тіп-тік болып салбырап туды. Көнекөздердің айтуы бойынша, айдың бұлай туысы өзіне жайлы, шаруаға жайсыз. Аптап ыстық алматылықтарды әбден мезі етті. Енді біртіндеп жылылық азая бермек. Айдың ортасында ауа райы салқын тартып, күз нышаны біліне бастайды. Тамызда Таразы туады, таң суыйды. Қыркүйекте Сүмбіле туады, су суыйды... Бұл осымен жаздың аптабы бітті дегенді білдірмесе керек. Аспан денелерінің білдіруі бойынша, ыстық күндер алда мол. Биыл күз құрғақ әрі шуақты болады деген болжам да жоқ емес.

Бүгін григорианша, тамыздың 3-і, ай күнтізбесі бойынша, 16-сы, ескіше, тамыздың 2-сі. Апта айдың басы мен ортасын қамтып тұр. Бұл ауа райының тұрақсыздығын аңғартса керек.

Қазақы пайымның болжамын синоптиктер де жоққа шығарып отырған жоқ. Еліміздің 14 облысында алдын ала дабылды ескерту жарияланды. Шығыс Қазақстан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыст арында ауа райы кенеттен салқындап, күн күркіреп, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Сондай-ақ, Маңғыстау мен Қызылорда аймақтарында күннің қызуы арта түспек.