Алматыда полицейлерді ұрып-соғып жатқан жантүршігерлік видео жарияланды

Алматыда полицейлерді ұрып-соғып жатқан жантүршігерлік видео жарияланды
Cурет: Алматы ПД

185 тәртіп сақшысы жарақат алды

Алматы қалалық ПД полицейлерді ұрып-соғып жатқан бейнелерді көрсетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл жинақ 4-5 қаңтар аралығындағы бейнебақылау жүйелерінің деректері мен әлеуметтік желілердегі материалдардан жасалған. 

Еске сала кетейік, жүздеген агрессивті адамдар тәртіпсіздіктерді, тонауды және басқа да заңсыз әрекеттерді басу кезінде полиция қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге бірнеше рет шабуыл жасап, соққыға жыққан.

Жалпы алғанда, лаңкестік әрекеттердің жолын кесу және мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттары мен стратегиялық нысандарына қарулы шабуылдарды тойтару нәтижесінде Алматы полициясының үш қызметкері қаза тапты, тағы 185 тәртіп сақшысы жарақат алды, олардың екеуінің жағдайы ауыр. 

Қаңтардың 5-і күні Алмалы аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің әкімшілік ғимаратына жасалған шабуылға тойтарыс беру кезінде екі полиция қызметкері Ален Асылханов пен Ринат Қамбетов жарақат алып, оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір тәртіп сақшысы Нұрболсын Алмасов стратегиялық маңызы бар нысандардың бірін қорғау кезінде қайтыс болды. 

Әскери және қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғаудағы ерліктері үшін бұл полиция қызметкерлері ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.