Алматы облысының тұрғындары зауыттағы кәріз құдығын жабуды талап етті

Алматы облысының тұрғындары зауыттағы кәріз құдығын жабуды талап етті
Сурет: Almaty.tv

Зауыттың жұмысы қазір уақытша тоқтап тұр.

Алматы облысы Шалқар ауылының тұрғындары үй маңында қазылып жатқан кәріз құдығына қарсылығын білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Халықтың айтуынша,  10 сотық жерді алып жатқан қазаншұңқырға осында орналасқан шарап зауыты қалдық суларын төкпекші. Ал жергілікті әкімдік мекеменің бұл әрекеті заңсыз, енді қажетті тексеріс жұмысын жүргізу керек дейді.

«Қалдықтарды осы кәрізге төгеді. Бұл жер толып қалып еді, жанынан тағы тесіп қойған, қазір көресіздер. Қалдықтар жайылымға ағып барады. Әу баста басқа жерге төгетін.  Халық иісіне шыдамай, шулаған соң, осы жерді пайдаланып жүр», – деді Шалқар ауылының тұрғыны Дәурен Алмабеков.

Ал 150 адамға жұмыс беріп отырмын деген мекеме басшылығы қазылған жердің заңды иесіміз деп құжат көрсетті. Оның үстіне құрылыс толық аяқталған жоқ, біткен соң бәрін қоршап тастаймыз деп сендірді.

«Химия жоқ. Біздерде химия болмайды. Тек бөтелке жуамыз, соның суы келеді. Біздерде құжат бар. 2009 жылы 71 сотық жерді сатып алдық», – деді шарап зауытының өкілі Ариф Абдуллаұлы.

Жергілікті әкімдік өкілдері Шалқар ауылында қазылып жатқан шарап зауытының кәріз құрылысын заңсыз деп отыр. Өйткені аталған құрылысқа рұқсат алмағанын айтады.

«Құрылыс заңсыз. Ешқандай рұқсат қағазы жоқ», – деді Қарасай ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Дәрмен Жапаров.

«Экология департаменті келіп тексерді. Біз тұрғындардың арыз-шағымын аламыз. Сосын құзырлы органға халықтың арызын тіркеп, хат жолдаймын.Бұл кісілерге шара қолданады», – деді Жандосов ауылдық округінің әкімі Алмас Жамбуов.

Көпшілік шағым айтқан зауыттың жұмысы қазір уақытша тоқтап тұр. Енді ондағы жұмысшылар да жұмыссыз қаламыз деп қорқады. Ал жергілікті билік өкілдері ауыл азаматтарының шағымын құзырлы мекемелерге тапсырдық, енді жауабын күтеміз деп қысқа қайырды.