Алматы облысындағы ауыл бір отбасының меншігіне берілген

Алматы облысындағы ауыл бір отбасының меншігіне берілген
Сурет: Stan.kz

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты.

Оның айтуынша, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Асысаға ауылы бір ғана отбасы мүшелерінің меншігі болған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Асысаға ауылында 11 мың га жайылымды жер бар еді. 2013-2015 жылдар аралығында Болат Назарбаевтың қойған әкімінің заңсыз қаулысы салдарынан 11 мың га-ның 9 мың га жайылымды жері бір жанұя мүшелерінің жекеменшігіне өтіп кеткен. Яғни, әкесі – 2 300 га, үлкен ұлы – 1 370 га, ортаншы ұлы – 1 340, ортаншы қызы – 1 260 га, кіші қызы – 1 760 га және оның күйеуі 1 670 га жерді иеленіп алған. Осылайша, бүтін бір ауылдың жері бір ғана отбасы мүшелерінің жекеменшік және жер пайдалану құқығына өтіп кеткен», - деді депутат.

Бақытжан Базарбектің сөзінше, «Жер аманаты» республикалық комиссиясы оның 6 500 га жерін мемлекеттік меншік иесіне қайтарыпты.

«Бұл мысалды неге айтып отырмын? Жайылымды жерлердің мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте өзекті болып тұр. Біз «қоғамдық жайылым» деген ұғымды енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайылым» деген ұғыммен қоса, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер қоғамдық жайылымды жерлерді ығай-сығайларға беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жерлер ретінде енгізіледі», - деді мәжілісмен.

Ол нақты бір елдімекенде 5 жыл тұрған азамат енді қосымша ұпайға ие болатынын атап өтті.

«Жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға болмайды. Сондай-ақ енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі. Жайылымды жерлерді кооперативтерге береміз және кооперативтерді қолдаймыз», - деді Бақытжан Базарбек.