Алматы облысында газ жарылысынан бір адам мерт болды

Алматы облысында газ жарылысынан бір адам мерт болды
Сурет: ТЖД

Тағы 5 адам жарақат алды

Оқиға Іле ауданының Өтеген батыр кентінде болған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

31 тамыз сағат 10:21-де Алматы облысы ТЖД пультіне хабар түсті. Онда Іле ауданының Өтеген батыр кентінде Жерұйық көшесінде PolpanInsulation ЖШС зауытының жылу оқшаулағыш плита өндіретін ғимаратында газ-ауа қоспасының тарсылы, кейіннен 50 шаршы метр алаңда қабырға қаптамасы жанғаны және жалпы ауданы 400 шаршы метр шатыр мен қабырғаның опырылып құлағаны айтылған.
Мамандар дереу жіберілді.

Оқиға орнына сағат 10:24-те келген кезде 50 шаршы метр алаңда екі қабатты ғимараттың қабырғасының қаптамасы жанып жатқаны, сондай-ақ жарылыс салдарынан ғимараттың шатыры мен қабырғасының опырылып құлағаны анықталды. Оның жалпы ауданы - 1250 шаршы метр.

«Өрт сағат 10:35-те ауыздықталып, сағат 10:50-де сөндірілді. Жалпы ауданы - 50 шаршы метр»,- делінген Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, төтенше жағдай салдарынан 5 адам орташа ауыр жарақат алып, бір адам көз жұмған.

«Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 15 қызметкері мен 4 техникасы, сондай-ақ полиция қызметкерлері, 3 жедел жәрдем бригадасы және басқа да өзара іс-қимыл қызметтері қатысты. Төтенше жағдайдың себебі анықталып жатыр»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.