Алматы облысында алғаш рет республикалық деңгейде алыптар сайысы өтті

Алматы облысында алғаш рет республикалық деңгейде алыптар сайысы өтті
Сурет: Qazaqstan.tv

Қонаев қаласында ұйымдастырылған турнирге еліміздің 5 облысынан 30-ға жуық палуан қатысты.

«Толағай» алыптар жарысында кіл мықтылар салмағы 10 килограмм болатын найзаны лақтыру, жуандығы 15 миллиметрлік шойын темірді мойынға салып майыстырудан күш сынасты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Сондай-ақ салмағы 141 келі болатын ауыр тасты көтеріп алып жүруден, сондай-ақ 500 келі жүк тиелген арбаны сүйреуден сынға түсті. Басты шарт - жаттығуды екі минутта орындау қажет. Үміткерлердің арасында әуесқойлар ғана емес, әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген кәсіпқой спортшылар да бар. Бұл сайысты болашақта халықаралық деңгейде өткізу жоспарда бар. Басты мақсат - салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қазақ батырларын танымал ету.

«Қажымұқан атамызды білесіздер, осылардың барлығын жасаған. 52 мемлекетте 48 алтын медаль алған біздің бабамыздың еңбегі қазіргі таңда жастарға насихат. Үйде телефонды шұқылап отырған жастар осыларды көру керек. Әлемдегі «Строгмен» деген жарыстар бар. Америкада «Арнольд» деген жарыстарда қазақтың жігіттері көк туды желбіретіп шықса екен деген арманымыз бар», - деді жоба авторы Тимур Дәулетбақұлы.