Алматы музейінде «Тұмса тарих тереңінен...» атты көрме жұмысын бастайды

Алматы музейінде «Тұмса тарих тереңінен...» атты көрме жұмысын бастайды
Сурет: Facebook.com

6 қыркүйек күні Қала күні қарсаңында Алматы музейінде «Тұмса тарих тереңінен...» атты көрменің ашылуы өтеді.

Мың жылдық тарихы бар, мәдени-тарихи мұралары мен сұлу табиғаты бар әсем қала, қазіргі Алматы – Қазақстанның батыл әрі қарқынды дамуының көрінісі, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz. 

Қазіргі Алматы территориясы б.з.д. 12-9 ғасырлардан қола дәуірі кезеңінен игеріле бастады. Сақтар мен үйсіндер дәуірінде б.з.д. 6-2 ғғ. қазіргі Алматы территориясынан ғалымдар көптеген ертедегі мемлекеттік бірлестіктердің – сақтар мен үйсін тайпалық одақтарының тұрақтары мен қорғандарын тапты. Ал орта ғасырларда 10-14 ғғ. осы аумақта Алматы деп аталған Ұлы Жібек жолы бойындағы бай дамыған өркениетті қала болды. Оған дәлел археологтар бұрынғы Шекарашылар училищесі (қазіргі Әскери институт) орналасқан көне қалашықтың аумағынан тапқан күміс дирхемдер көрмеде көрермен назарына ұсынылатын болады.

Сондай-ақ, көрмеде Алматы музейінің қорында сақталған қаламыздың территориясынан табылған үш мың жыл бұрын пайда болған шағын қоныстардан, Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қаланың әкімшілік билік, қолөнер, сауда, мәдениет және идеология орталығына айналған Алматының урбанизация үдерісін көрсететін артефактілер және құнды жазба деректер қойылады.

Көрме 12 қыркүйекке дейін жалғасады. Өтетін орны мен уақыты: Алматы қ., Қабанбай батыр к., 132