Алматы халқы Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен қоштасты

Алматы халқы Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен қоштасты
Сурет: Іnform.kz

Қазақтың көрнекті жазушысы Әбдіжәміл Кәмілұлы Нұрпейісов сенбі күні өмірден өтті.

Алматы тұрғындары көрнекті​ қаламгер,​ Қазақстанның​ Еңбек​ Ері,​ Халық​ жазушысы,​ Ұлы​ Отан​ соғысының​ ардагері​ Әбдіжәміл​ Кәрімұлы​ Нұрпейісовті соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ғасыр жасаған қаламгермен қоштасуға келген Мемлекеттік хатшысы Ерлан Карин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

«Аса​ көрнекті​ қаламгер,​ Қазақстанның​ Еңбек​ Ері,​ Халық​ жазушысы,​ Ұлы ​Отан​ соғысының​ ардагері​ Әбдіжәміл​ Кәрімұлы​ Нұрпейісовтің​ дүниеден​ өтуіне​ байланысты​ көңіл​ айтамын.​ Әбдіжәміл​ Кәрімұлы сұрапыл​ соғысты​ бастан​ кешіп,​ елге​ оралған ​соң,​ қазақ​ әдебиетін​ өркендетуге​ сүбелі​ үлес​ қосты.​ ​Ұзақ​ жылғы​ шығармашылық​ қызметі​ жемісті​ болды. «Қан​ мен тер»​ трилогиясы, «Соңғы ​парыз» дилогиясы​ сияқты​ туындылары​ сыншылар​мен​ оқырмандар​ тарапынан​ жоғары​ баға​ алды. Заман​ жүгін​ көтерген ​романдары​ әлемнің​ көптеген​ тілдеріне​ аударылды.​ ​Әбдіжәміл​ Кәрімұлының​ жаңа​ белесті​ бағындырған​ қазақ​ әдебиетін​ шетелге​ танытуға​ сіңірген​ еңбегі​ орасан​ зор. Ол​ ұлт​ руханиятының ​көшбасшысы​ болды.​ ​Әбдіжәміл​ Нұрпейісов​ адам​ жанын​ терең​ түсінетін,​ түрлі​ тағдырдың​ бейнесін​ көркем​ суреттей​ отырып​ оқырманға​ жеткізген​ ойлы,​ кең​ тынысты​ жазушы​ болатын.​ Өмір​ бойы​ қолынан​ қаламы​ түскен​ жоқ.​ Қазақ​ елінің​ рухани-мәдени​ саласын​ дамыту​ жолында​ өлшеусіз​ қызмет​ атқарды.​ ​Ол​ ұлт​ классиктерінің​ жолын​ лайықты​ жалғастырған​ қуатты​ қаламгер.​Солайша,​ өзі​ де​ қазақ​ әдебиетінің​ патриархына​ айналды.​ ​Әбдіжәміл​ Нұрпейісовтің​ соңында​ ұрпаққа​ үлгі,​ ұлысқа​ игілік​ болатын ​шығармалары​ қалды. Елге​ ес,​ сыртқа​ сес​ болған​ жазушының​ енді​ екінші​ өмірі​ басталды.​ ​Өнегелі​ ғұмыр​ кешіп,​ соңында​ мол​ мұра​ қалдырған​ Әбдіжәміл ​Кәрімұлының​ жарқын​ бейнесі​ ұмытылмайды.​ ​Халқымыз​ есімін​ әрдайым​ ардақ​ тұтады.​ ​Марқұмның​ иманы​ саламат,​ жаны​ жәннатта​ болсын», - делінген көңіл айту жеделхатында. ​