Алматы индустриалды аймағындағы бес кәсіпорынның ұжымы 100% екпе алды

Алматы индустриалды аймағындағы бес кәсіпорынның ұжымы 100% екпе алды
Сурет: Оrtcom.kz

Бүгінде Алматы Индустриалды аймағының кәсіпорындарында 1 218 қызметкер жұмыс істейді.


Индустриялық аймақ кәсіпорындарының ұжымын вакциналау қарқыны туралы брифинг барысында ИА директоры Әділ Амралин айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 


Спикердің айтуынша, Индустриалды аймақтың бес кәсіпорнында жұмысшылар вакцинаның екі компонентін жүз пайыз алды. Екпе алу жағынан белсенділік танытқандардың қатарында Hyundai Trans Kazakhstan жеңіл автокөліктерін өндіру зауыты, «КСМ Техновид» сәулет қасбеттерін өндіру зауыты, «Қазтайгер тэйп» скотч және стрейч-үлдір өндіру кәсіпорны, «Док.КО» және «Алмапак» қағаз орамасын өндіруші. Енді бұл кәсіпорындар эпидемиологиялық жағдайдың шектеулері мен нашарлауына қарамастан толық жұмыс істей алады. 


«Басқа кәсіпорындарда жұмыскерлерді вакциналау процесі белсенді қарқынмен жалғасуда. Кәсіпорын қызметкерлеріне ыңғайлы болу үшін мобильді екпе бригадалары барды. Олар тікелей жұмыс орындарында өздерін коронавирустан қорғағысы келетіндерге екпе салды. Вакцина барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар ескеріле отырып жүргізілді», - деді Әділ Амралин.


Бүгінде Алматы Индустриалды аймағының кәсіпорындарында 1 218 қызметкер жұмыс істейді. 12 шілдедегі мәлімет бойынша 841 адам вакцина алды, 144 қызметкерде медициналық қарсы көрсетілімдері немесе антиденелер бар. 


Әділ Амралин индустриялық аймақтың мамандары тұрақты негізде резидент компаниялармен еңбек ұжымдарын жаппай вакциналау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін айтты.


«Бүгінде вакцина – бұл өзімізді және жақындарымызды қауіпті инфекциядан қорғаудың жалғыз тәсілі. Қалыпты өмірге тезірек оралу үшін біз азаматтық ұстанымымызды көрсетіп, мүмкіндігінше тезірек екпе алуымыз керек», - деп қорытындылады сөзін Индустриалды аймақтың директоры.

2021 жылғы 14 шілдедегі мәлімет бойынша, Алматыда I компонентпен 628 132 адам вакцина алды. Өткен тәулікте 12 471 адам екпе алды.  60 жастан жоғары вакцина алған адам саны 92 352 адамды құрайды. 


Қалада медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базар мен қаланың СОСО-да 212 вакцина пункттері жұмыс істейді (250-ге дейін ұлғайту мүмкіндігімен). 1 260 адам жұмылдырылған 308 екпе бригадасы қызмет атқарады.