Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар саны артқан

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар саны артқан
Сурет: Socportal.info

Олардың саны 55 мыңға жуықтады.

Жаңа оқу жылында еліміздің мектептерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕБҚ) оқушылардың саны артты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz сілтеме жасап.

2021-2022 оқу жылында инклюзивті сыныптарда 49 мыңнан астам ерекше бала оқыса, биылдың өзінде олардың саны 55 мыңға жуықтады. Бұл мектептерде ерекше жағдай жасау және жаңа нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдаудың арқасында мүмкін болып отыр.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында білімнің қолжетімді және инклюзивті болуы керегін атап өтті. Жалпы білім беретін мектептерде ерекше балаларды оқытуға жағдай жасалып жатыр. Ерекше балалардың білім беру мекемесіне кедергісіз кіруі үшін пандустар, тактильді жолдар, арнайы тұтқалар және басқа да құрылғылар орнатылды. Мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілген, олар ерекше балалардың білім беру ұйымдарына бейімделуіне көмектеседі. Сонымен қатар мемлекеттік стандартта оқу жоспарлары мен бағдарламаларының вариативтілігі мен икемділігі қамтамасыз етілген. Олар ерекше білім беруді қажет ететін баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып бейімделген», - дейді Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Кудеринова.

Сондай-ақ «Білім туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ерекше білім алуды қажет ететін балалардың санаты кеңейтілді. Оларға әртүрлі экономикалық (аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан балалар), әлеуметтік себептермен (мигранттар, кандастар және т.б.), соның ішінде денсаулығына байланысты оқуда қиындықтарға тап болған балалар жатады.

Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне ЕБҚ бар балаларды оқыту үшін арнайы жағдайларды қамтамасыз ету кіреді. Қабылдау ережелерін бұзғаны және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу мен оқытуда арнайы жағдай жасамағаны үшін білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі күшейтілді.