Алматы ауруханаларында жатқан пациенттердің 98%-ы вакцина алмаған

Алматы ауруханаларында жатқан пациенттердің 98%-ы вакцина алмаған
Сурет: Livenews.am

 Дәрігерлердің айтуынша, қазір жансақтау бөліміндегі пациенттердің бір де бірі вакцина алмаған.

Алматыға Қызылорда қаласынан келген әйел СOVID-19 жұқтырып, ауыр халде ауруханаға түскен. Індеттен жазылып шыққаннан кейін ол КВИ-ға деген көзқарасын өзгертіп, адамдарды екпе алуға шақырды, деп хабарлайды, Almaty-akshamy.kz.

Орталық қалалық клиникалық аурухана пациентінің тарихы Жәмила Жанаеваның өзі Қызылорда қаласының тұрғыны болып, Алматыға отбасымен демалуға келуінен басталады.

«Алматыға келгенімде өзімді нашар сезіндім, денемнің қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болды. Мен бұл суық тиген деп ойладым, үйде бір апта бойы импровизацияланған құралдармен емделдім. Жағдай нашарлай бастаған кезде ПТР тестін тапсырдым, ол оң болып шықты. Дереу "жедел жәрдем" шақырдым, ол мені орталық қалалық клиникалық ауруханаға алып келді. Мен дәл осы ауруханаға, жоғары білікті мамандардың қолына түскеніме өте қуаныштымын. Үшінші күні менің жағдайым нашарлай түсті. Нәтижесінде мені реанимацияға ауыстырып, онда төрт күн болдым. Бұл күндері жағдайымның өте нашар болғаны есімде. Дәрігерлер менен бір қадам ұзамай, ұдай бақылауда ұстады», – дейді Жәмила Жанаева.

Ол өзі мұғалім бола тұра, коронавирустық инфекция бар дегенге сенбеген. Бұл туралы әлеуметтік желілерден көп оқыған, бірақ бәрібір сенбеген. Оның күйеуі де нанбаған. Сол себепті ол вакцинаға үзілді-кесілді қарсы болған, әйеліне де екпе алуға рұқсат бермеген.

«Қазір бұл аурудың қиын сәтінен өттім. Әрине, халықты осы инфекцияны жұқтырған сәттен бастап емделуге шақырамын. Бетперде киіңіз, адамдар көп жиналатын жерлерге бармаңыз және міндетті түрде вакцина алыңыз. Осылайша сіз өзіңізді ауыр зардаптардан қорғайсыз. Айтпақшы, күйеуім де ауырып қалды, ал 17 жастағы қызымның ауруы симптомсыз түрде өтті. Осы аурухананың барлық қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Олар әрдайым әр науқасқа мұқият қарайды. Дәрігерлерге шыдамды, төзімді болуды тілегім келеді, өйткені олар осындай қиын жағдайда жұмыс істейді және күн сайын бастарын қауіп-қатерге тігіп жүр», – деді Жәмила.

ОҚҚА дәрігері Осман Қадыровтың айтуынша, бүгінгі таңда ауруханадағы 670 кереуеттің 620-ға жуығы емделушілерге толған. Жансақтау бөлімінде 57 адам ауыр халде жатыр. Олардың ешқайсысы да вакцина алмаған. Жалпы, ауруханада жатқан пациенттердің 98%-ы вакциналанбаған. Дәрігер тағы бір рет вакциналау керек екенін айтады, сонда ғана біз бұл ауруды жеңе аламыз.

«Иә, вакцинация жасалғандар да түседі бізге, бірақ олардың ауруы неғұрлым жеңіл түрде өтеді. Қазір жансақтау бөліміндегі пациенттердің бір де біреуі вакцина алмаған», - деді ол сөз соңында.