Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының өзекті мәселелерімен және даму перспективаларымен танысты

Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының өзекті мәселелерімен және даму перспективаларымен танысты
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласының әкімі Е. Досаев Түрксіб ауданындағы жұмыс сапарын "Әлмерек" шағынауданынан бастады. Мұнда қазіргі кезде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер өткір тұр, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Жеке тұрғын үйдегі жұмыс істеп тұрған дәрігерлік амбулатория (1980 жылы салынған) санитарлық нормаларға сай емес және жөндеуге мүлдем келмейді, ал 300 оқушы орынға есептелген №195 жалпы білім беретін мектеп күн сайын 741 оқушыны қабылдайды. Көшпелі кеңес барысында қала әкімі күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстармен танысты. Жайлы қалалық орта басқармасына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ағымдағы жылы медициналық нысанның құрылысын жобалауды бастау және басқа да әлеуметтік нысандардың: балабақшаның, спорт және балалар алаңдарының құрылысын одан әрі жүргізу мәселесін пысықтау, сондай-ақ №195 мектепке қосымша 450 орындық жапсаржайдың құрылысын жобалау мерзімін жеделдету және ағымдағы жылы құрылысты бастау туралы тапсырмалар берілді.

Тұрғындарды орталықтан сапалы сумен және су бұрумен қамтамасыз ету мақсатында биыл шағынауданда инженерлік желілердің II кезеңінің құрылысы басталады. Сумен 287, су бұрумен 519 үйді қамту жоспарлануда.

Жұмыс сапары барысында қала әкімі «Авиатор» стадионының аумағын аралап көрді. Спорт нысаны 3 гектар аумақта орналасқан, ал оның басым бөлігі бос. Осыған байланысты дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жобалауды бастау туралы шешім қабылданды. Оның секцияларына "Нұршашқан", "Әлмерек" шағынаудандарының, сондай-ақ әуежай маңындағы тұрғын үй алабының балалары тегін бара алады. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған стадионды жаңғыртуға ерекше назар аударылады, яғни көрермендер трибуналары мен шешінетін бөлмелер бойынша жұмыстар жүргізіледі, жүгіру жолы салынады.

Сондай-ақ, қала басшысы Огарев көшесіндегі жұмыс істемейтін бұрынғы ведомстволық балабақшаның аумағын пайдалану жоспарларымен танысты. Оның жер көлемі 2 гектардан асады. Қазіргі кезде әрқайсысы 160 орындық мемлекеттік заманауи балабақша мен балалардың даму және шығармашылық орталығының құрылысы жобалануда. Осы шағынауданда 400-ге жуық бала кезекте тұр, ал мұнда 280 орындық бір ғана №185 мемлекеттік балабақша бар. Осыны ескере отырып, қала әкімі жобалау жұмыстарын ағымдағы жылдың III тоқсанының соңына дейін аяқтау әрі іске асыру бойынша тапсырма берді.

"Қайрат" шағынауданында Е. Досаев 41 көп пәтерлі тұрғын үйдің, 1500 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептің құрылысымен, емхана мен балабақшаны жобалау барысымен танысты. Ағымдағы жылдың соңына дейін мектепті пайдалануға беру, үйлердің құрылысын аяқтау және ағымдағы жылы емхана мен балабақша бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарлануда.

Сумен жабдықтау және кәріз мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өткен жылы мұнда сумен жабдықтау және кәріз желілерінің құрылысы бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Алайда, бүгінде 200-ге жуық үй жобаға әлі кірмеген. Қаланың энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына абоненттерді желілерге қосу жұмыстарын үстіміздегі жылдың шілдесіне дейін аяқтау және инженерлік желілердің құрылысына кірісу тапсырылды.

Мегаполис басшысы 30-шы жылдары салынған мемлекеттік тілде оқытатын №59 мектеп-гимназияда болды. Қазіргі кезде жобалық қуаты 860 орынды мектепте 1251 оқушы білім алуда. Ағымдағы жылдың ақпан айында мектеп-гимназияның жанынан қосалқы нысан салу жөніндегі жобалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алды. Қалалық жайлы орта басқармасына реконструкциядан соң спорт алаңын абаттандыру үшін тиісті аумақты кеңейту тапсырылды.

Сондай-ақ, қала әкімі ескі үйлерді реновациялау аясында салынып жатқан үйлердің құрылыс барысымен танысты. Сауранбаев, Молдағалиев, Чернышевский, Толстой көшелерінің квадратында 4 үй бұзылып, 3 үй салынды, 7 үйдің құрылысы жалғасуда. Жалпы, Түрксіб ауданындағы 606 үй реновация бағдарламасына жатады, бұл Алматы қаласындағы ескі тұрғын үйлердің жалпы санының 50%-ын құрайды.

Ауданды аралау барысында абаттандыру, соның ішінде Оқушылар үйінің жанында орналасқан скверді реконструкциялау және жаңа рекреациялық аймақтарды құру бойынша жобалар таныстырылды.

Қала әкімі Түрксіб ауданының әкімі Б. Ақжаровтың жұмысын мақұлдады және «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында ауданды одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.