Алматы әкімдігінде бюджет қаржысына іске асырылатын проблемалық нысандар құрылысының барысы тексерілді  

Алматы әкімдігінде бюджет қаржысына іске асырылатын проблемалық нысандар құрылысының барысы тексерілді   
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин әкім Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша балалар ауруханасын, мектептер мен лицейлерді қосқанда, бюджет қаржысына іске асырылатын проблемалық құрылыс және реконструкциялау нысандарын аралап шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

 Бірінші нысан ШЖҚ «Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы» МКК болды.

Асқар Амрин 2021 жылдың 21 шілдесінде басталған осы аурухананың операциялық блогы бар қабылдау бөлімшесінің корпусын салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Мердігер ұйым «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС болып табылады. Бастапқыда мерзімі 2022 жылдың 30 қыркүйегінде делінген.

Мерзімдердің ұзартылуына қарамастан, мердігер осы уақытқа дейін жұмыстарды аяқтаған жоқ. Осыған байланысты әкімдік мердігер ұйымға қатысты сотқа талап арыз берді. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 3 шілдедегі шешімімен «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы болып танылды, мемлекет пайдасына 12,3 млн теңге сомасында тұрақсыздық айыбы өндірілді.

Бұдан басқа, мердігерлік ұйымға қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 312-бабының 2-тармағына сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензияның бір кіші түрінен айыра отырып, айыппұл салу түрінде шаралар қабылданды.

Бүгінгі таңда ғимарат қаңқасы, шатыр, сыртқы қабырғалар мен бөлімдерді қалау, терезе блоктары және бірінші әрлеу жұмыстары аяқталды. Инженерлік коммуникациялар, лифтілерді орнату, қасбет, әрлеу, абаттандыру бойынша жұмыстар аяқталып келеді. Нысан 85% дайын. Қажетті жабдықты сатып алу - 96%. Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған кезде қазіргі уақытта сатып алынған және қоймаларда орналасқан жабдық орнатылады.

Құрылыс салушыға осы нысан бойынша жұмыстарды 2023 жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтау тапсырылды.

Жұмыс сапары барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин №9 мектеп-интернатқа қосымша құрылыс бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Осы нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың шілдесінде басталып, былтыр қараша айында аяқталуы тиіс болатын. «Barat & Co» ЖШС мердігерлік ұйымына қатысты жұмыс өндірісінің бұзылуы және сапасыз материалдарды қолдану фактілері бойынша 2022 жылғы желтоқсанда Алматы әкімдігі сотқа талап арыз берді.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 26 маусымдағы №7527-23-00-2/3201 шешімімен «Barat & Co» ЖШС мердігеріне 6,5 млн теңге айыппұл салынды.

Бүгінгі таңда нысан 99% дайын. Инженерлік желілерді құрылыс алаңының астынан, сыртқы қабырғалар мен ішкі бөлімдерден көшіру бойынша жұмыстар аяқталды, әрлеу жұмыстары, терезе блоктары, шатыр, сыртқы қасбет және аумақтың периметрі бойынша қоршаулар орнатылды, сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтаудың инженерлік желілері қосылды.

Мердігер ұйымдарға 2023-2024 жаңа оқу жылына барлық жұмыстарды аяқтау тапсырылды.

Алматы әкімі орынбасарының тағы бір нысаны №48 мектеп-лицей болды. Алматы Асқар Әмрин 2021 жылдың шілдесінде басталған осы оқу орнының ғимаратын қайта жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Құрылыстың нормативтік мерзімі - 10 ай. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты 2022 жылы жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізілді. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2023 жылдың 31 қаңтарына дейін ұзартылды. «Риголит» ЖШС мердігерлік ұйымына қатысты міндеттемелердің сапасыз орындалуына байланысты сотқа талап арыз берілді. Қазіргі уақытта сот жүріп жатыр.

Бүгінде нысанның дайындығы 99%. 1 және 2 блоктар бойынша ғимараттарды сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілді, ішкі инженерлік желілер ауыстырылды, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталды. 3, 4, 5 блоктар бойынша барлық монолитті жұмыс аяқталды, инженерлік желілер жүргізіліп, қосылды, ғимараттың шатыры мен терезе блоктары орнатылды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. 3, 4, 5 блоктарды сыртқы әрлеу, аумақты абаттандыру және жабдықты пайданалу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Оқу жылының басында нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Алматы қаласының Бостандық ауданындағы №145 жалпы білім беретін мектеп ғимаратының дайындығы бүгінде 85%. Ғимарат құрылымдарын сейсмикалық күшейту, ішкі бөлімдер мен терезе блоктарын орнату жұмыстары аяқталды, ішкі инженерлік инфрақұрылым жүргізілді, бірақ ішкі әрлеу және қасбеттік жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Асқар Әмринге бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын құрылыс нысандарын аралау барысында мердігер ұйымның өкілдері баяндады.

Нысанды қалпына келтіру жұмыстарымен және күрделі жөндеумен сейсмикалық күшейту жұмыстары 2021 жылдың 12 шілдесінде басталды.  Құрылыстың аяқталу мерзімі - 2023 жылғы 30 қаңтар.

2023 жылдың ақпан айында Алматы қаласының әкімдігі «Ақ ордасы корпорациясы» ЖШС мердігерлік ұйымына сотқа талап арыз берді. Сот шешімімен «Ақ ордасы корпорациясы» ЖШС-не 3,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, мемлекеттік сатып алуға жауапсыз қатысушы деп танудан бас тартылды. Апелляциялық соттың қаулысымен шешім өзгеріссіз қалды.

Мердігер ұйымға нысан бойынша жұмыстарды 2023 жылдың 20 қыркүйегіне дейін аяқтау тапсырылды.

Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин жұмыс сапары барысында Түрксіб ауданындағы Жас Қанат шағын ауданына барды.

Мұнда ауданы 163 098 ш.м. 41 үйдің (3 116 пәтер) құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда. 31 үй немесе ауданы 122 859 ш. м. 2 344 пәтер пайдалануға берілді. 2023 жылдың соңына дейін тағы 5 үй немесе 473 пәтер (22 мың ш. м.) пайдалануға беру көзделген. Сонымен бірге, салынып жатқан үйлерге іргелес аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Асқар Әмринге құрылыс нысандарын аралау барысында мердігер ұйымның өкілдері баяндады.

Айта кету керек, үйлер 2022 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуге тиіс еді. Жұмыстардың жауапсыз орындалуына байланысты, тапсыру мерзімінің едәуір кешіктірілуіне әкеп соқтырған «Риголит» ЖШС, «Капиталпроект Групп» ЖШС, «Хадит» ЖШС, «Промкомплект» ЖШС, «Шах» ЖШС және «ВК-Сапа ҚҰРЫЛЫС» ЖШС мердігерлік ұйымдарына оларды мемлекеттік сатып алуға жауапсыз қатысушылар деп тану туралы талап арыздар берілді. Қазіргі уақытта сот жүріп жатыр.

Абаттандыру жобасымен 12 ауланы абаттандыру көзделген. Абаттандыру нысандары 60%-ға дайын.

Қазіргі таңда 8 аула бойынша жұмыстар жүргізілуде, аулаларды асфальттау және шағын сәулет нысандары орнату аяқталды. Биыл 10 қыркүйекке дейін қалған шағын сәулет нысандарын орнату және көгалдандыру жұмыстары бітеді. Қалған 4 аула бойынша жұмыстар 15 қыркүйекте басталып, 2023 жылдың қарашасында аяқталады.

Мердігер ұйымға жұмыс қарқынын жеделдету тапсырылды.