Алматы әкімдігі көше жарығына кінәлі жауапсыз компаниямен шартты бұзады

Алматы әкімдігі көше жарығына кінәлі жауапсыз компаниямен шартты бұзады
Алматы қаласы әкімдігі

«Алматы Қала Жарық» ЖШС жауапты компанияның шарттағы міндеттемесін орындамау салдарынан туындаған Алматыдағы көше жарығына қатысты журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Мұның бәрі 2018 жылы Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы, сонымен қатар, «Алматы Қала Жарық» ведомстволық бағынысты ұйымы (АҚЖ) жеке әріптес – консорциуммен «Алматы қаласының сыртқы жарықтандыруды жаңғырту» жобасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) шартын жасасқан кезде басталды. Консорциум құрамында «ABM-Vuilding 2007», «Электроремонт» ЖШС және «ABM-Project» ЖШС сынды үш компания бар.

Келісім-шартқа сәйкес, жаңғырту жұмыстарына байланысты 2020 жылдан бастап ағымдағы жөндеу жұмысының көлемі 2,5 еседен астам көбейді. Шарт бойынша жеке әріптес 2019-2023 жылдар аралығында 8,1 млрд теңге инвестициялауға тиіс болды, ал іс жүзінде олардың тек бір бөлігін ғана салды. Жоспарланған инвестициялардың орындалмауы қаланың сыртқы жарықтандыру желісін жаңғырту бағдарламасының орындалмағанын көрсетеді. Операциялық шығындардың өтемақысы (ағымдағы жөндеу) жыл сайын жеке серіктестің өтініші бойынша өсті: 2019-2023 жылдар аралығында ағымдағы жөндеуге арналған шығыстар 12,08 млрд теңгеден 28,5 млрд теңгеге дейін өсті, бұл жекеменшік әріптес жұмыс істеген кезде қаланың сыртқы жарықтандыру желісінің жай-күйінің айтарлықтай нашарлағанын дәлелдейді. Бұл кезеңде ағымдағы жөндеуге арналған сома 16,5 млрд теңгеге артты, яғни бастапқы құнынан 2,3 есе көп.

Жекеше әріптес ынтымақтастықтың барлық кезеңінде МЖӘ нысандарын жобалау, жаңғырту және пайдалануға беру жөніндегі жұмыстарды орындау мерзімдерін бірнеше рет бұзған. Ал кейбір жұмыс толықтай ақаумен тапсырылды әрі олардың консорциумы оны дер кезінде жоймады. Энергетика басқармасы және АҚЖ 2022 жылдың басынан бастап шарт бойынша жұмыстарды орындау сапасы мен мерзімі бойынша жазбаша түрде бірнеше рет ескерту жолдаған. Бірақ қазіргі уақытта бұл талаптар орындалмады, көптеген бұзушылық жойылған жоқ. Бұл қалада сыртқы жарықтандыру мәселесін тудырады.

«Жеке серіктес жұмыс жүргізу ережелерін, жобалау және байқау құжаттамасында көрсетілген нұсқаулықтар мен ережелерді, сонымен қатар, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, өрт қауіпсіздігі, азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік нормативтерді елемейді. Оның шарттағы міндеттемелерді орындамауы алматылықтардың көшелерді жарықтандыру мәселесіне орынды шағымын тудырады. Олар мұны Алматы әкімдігінің өкілдерімен кездесулерде, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде үнемі айтып, мемлекеттік органдар мен мекемелердің жұмысына наразылық білдірді», - деді «Алматы Қала Жарық» басшысы Игорь Мысик.

Алматы қаласы тұрғындарынан қаланың қоғамдық қабылдау бөліміне келіп түскен өтініштерін бақылау мен талдау әрбір екінші шағымның жарықтандыруға қатысты екенін және бұл жеке серіктестің кемшіліктері мен немқұрайлылығының нәтижесі екенін көрсетті. Мәселен, 2022 жылдың басынан бастап АҚЖ диспетчерлік бөліміне түскен шағымдар саны 2 есеге артты, қазір сыртқы жарықтандыру сапасына қатысты 20 мыңнан астам шағым жиналды. Желідегі түйткілді жоюға 5-6 жөндеу бригадасы ғана араласқан, олар бұған төтеп бере алмайды. Ал демалыс күндері бригада саны 2-3-ке дейін күрт азаяды. Шарт бойынша әр ауданға 2 жөндеу бригадасы, яғни 8 ауданға – 16 бригада бөлінуі керек. Сонымен қатар, АҚЖ диспетчерлік қызметінің мәліметінше, жеке серіктес 10 бірліктен аспайтын арнайы техниканы пайдаланады, бұл жеткіліксіз.

«Қала аумағында көше жарығын басқарудың ашық шкафтары табылды, бұл балаларды тоқ соғу қаупін туғызады. Тіректерде жерге тұйықталудың болмау фактілері кездесті, бұл желінің ұшқынына әкеліп, азаматтардың өміріне қауіп төндіреді», - дейді Игорь Мысик.

Соның нәтижесінде жауапсыз жекеше әріптеспен шартты бұзу үшін сотқа талап қою туралы шешім қабылданды. Айта кетейік, консорциумға қатысушылардың бірі – «Электроремонт» ЖШС - мемлекеттік сатып алуға жауапсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген. ҚР «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңына сәйкес (32-бап, 1-тармақ, 7 тармақша), бұл жеке серіктес үшін одан әрі МЖӘ шартын жасасуда тікелей дисквалификациялық жағдай болып табылады.

«Жекеше әріптес инвестициялаған 29 млрд теңге көлеміндегі қаржыға қатысты шағымдар негізсіз. МЖӘ шартына сәйкес инвестицияланған қаржыны өтеу төлем кестесіне сәйкес жүргізіледі. Қазір әкімдік 17,5 млрд теңгені өтеді. Қалған қаржыны өтеу 2025 жылдың соңына дейін, сонымен қатар, МЖӘ шартының кестесіне сәйкес, жеке әріптес міндеттемелерін орындаған жағдайда жүзеге асыру жоспарланды. Қызмет көрсету шығындары жеке серіктестің инвестициясынан асып түсетіні де маңызды», - деді «Алматы Қала Жарық» басшысы осы фактілердің барлығы Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясында шарттың талаптарына сәйкес тексерілетінін атап өтіп.

Алматыдағы көше жарығына қатысты жағдайды жақсарту мен қала көшелерінің жарықсыз қалмауы үшін жаңғыртылмаған сыртқы жарықтандыру желілері аудан әкімдіктерінің иелегіне өтеді. Бұл сыртқы жарықтандыру желісіне қызмет көрсету үшін жаңа шарттар жасасуды жеңілдетеді. Қазір Алмалы ауданы әкімінің аппаратымен шарт жасалды. Алматы қаласының қалған аудандарында сыртқы жарықтандыру желілеріне қызмет көрсету бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп отыр, оларды биыл қыркүйектің соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Әу баста МЖӘ шартында барлық ескі натрий шамын жаңа энергия үнемдейтін шамдарға ауыстыру арқылы сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту көзделген. 2019 жылдан 2023 жылға дейін жеке серіктес 44 мың жарық нүктесін ауыстыруға міндеттелді, дегенмен іс жүзінде 13,5 мыңнан аспайтын жарық нүктесі жаңғыртылды. Яғни, жұмыс 35% орындалды.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар шарт бойынша міндеттемелерді тиісінше орындауда жеке әріптестің дәрменсіздігін анық растайды, дегенмен өз тарапынан Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мен Алматы Қала Жарық төлем кестесіне сәйкес салынған инвестицияларды өтеген. Қазір 6,1 млрд. теңге төленді, яғни 50%, қалған сома жеке әріптес МЖӘ шарты бойынша міндеттемелерді орындаған жағдайда 2025 жылдың соңына дейін төленуге тиіс.

Инвестициялық шығынды өтеу шарттары бастапқыда жеке серіктес шартқа қол қою кезінде танысқан байқау құжаттамасында көрсетілген.

Алматы қаласы тұрғындарының «АҚЖ» МКК диспетчерлік қызметіне келіп түскен өтініштерін талдау көрсеткендей, 2022 жылдың басынан шағымдар саны 2 есеге артты. Қазіргі кезде сыртқы жарықтандыру сапасына 20 мыңнан астам шағым түсті (ай сайын АҚЖ диспетчерлік бөліміне 2,5 мыңға жуық шағым түседі).

АҚЖ тарапынан жеке серіктестің атына жазбаша түрде бірнеше рет тиісті ескертулер мен шағымдар жіберілді, олар осы уақытқа дейін орындалмады. Соның нәтижесінде қала тұрғындары қас қарайғанда тиісті сыртқы жарықтандырусыз қалады, бұл ретте сапасыз қызмет көрсету тек жекелеген шамдарды ауыстыруда ғана емес, сонымен қатар, қала көшелерінде оқтын-оқтын жарықтандырудың болмауынан да көрінеді.

Мұндай келеңсіздікке басты себеп – жеке серіктесте қаланың барлық аумағында техника мен білікті бригадалардың болмауы.

Жоғарыда көрсетілген жағдайларға байланысты Алматы қаласы мен АҚЖ Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мәжбүрлі шара ретінде МЖӘ шартын бұзу туралы сотқа екі тәуелсіз талап арыз жолдады. ABM-Building 2007 өкілдері өткізген баспасөз мәслихаты жеке серіктестің мемлекеттік серіктестерге қатысты теріс қоғамдық пікір қалыптастырғысы келетінін көрсетеді, бұл ретте жеке серіктес заң нормалары мен шарт талаптарын басшылыққа алмай, тек өзінің қара басының мүддесін жоғары қояды.