Алимент төлемей қашып жүрген әйел Ресейден табылды

Алимент төлемей қашып жүрген әйел Ресейден табылды
Cурет: Ашық дереккөз

Биыл балаларына алимент төлемей іздеуде жүрген 66 азаматтың қайда жүргені анықталды,  деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Павлодар облысы ІІД көші-қон қызметіне сілтеме жасап.

ІІД көші-қон қызметінің басшысы Арман Уәлиевтің айтуынша,  «Автопоток» және «Интегра» автоматтандырылған жүйелеріне борышкерлердің көлігі туралы мәліметтер енгізілген. Қазақстаннан шығып кеткен іздеуде жүрген 20 адамға қатысты олардың орналасқан жері бойынша мемлекеттердің ішкі істер органдарына хаттар жолданыпты.

«Борышкерлер мен алимент төлемейтіндерді іздеу – көші-қон қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдар бұл салаға ерекше көңіл бөлуде», - дейді ол.

Алимент төлемей қашып жүрген 36 жастағы әйел Ресейдің Владимир облысынан табылған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жауапкерді іздеуді бастау үшін талапкердің тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарында тіркелген сот бұйрығы қажет.