Александр Винокуровқа жаңа атақ берілді

Александр Винокуровқа жаңа атақ берілді
Сурет: Novoetv.kz

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев велоспортшы Александр Винокуровке Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы құрметті атағын тапсырды.

Бұл туралы министр Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Велоспорттан еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуровпен кездестім. Даңқты велошабандозымыз отандық спортты, оның ішінде велоспортты дамыту жолында қажырлы еңбек етіп келеді. 2013 жылдан бері ол әлемге әйгілі «Астана» велокомандасын басқарады. Кездесу барысында Александр «Астана» велокомандасының халықаралық жарыстардағы нәтижесі мен болашақ даму жоспарлары туралы айтып берді. Велоспорттан ұлттық құраманың көшбасшылары осы ұжымның өкілдері екені белгілі. Сондықтан біз осы жазда Парижде өтетін Олимпиадада ел намысын қорғайтын велошабандоздарды дайындаудың жеке жоспарын талқыладық», - деп жазды Е.Маржықпаев.

Министр жиын соңында Александрға Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы құрметті атағын тапсырды. Спортшы өз кезегінде жазда ұлттық құрамамен бірге Париж Олимпиадасына баруға уәде берді.