Александр Винокуров Абзал Әжіғалиевке велосипед сыйлады

Александр Винокуров Абзал Әжіғалиевке велосипед сыйлады
Сурет: Facebook.com

Қазақта «Көңіл көңілден су ішеді», дейді ғой.

Велоспорттан Олимпиада чемпионы Александр Винокуров шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі Абзал Әжіғалиевке велосипед сыйлады, деп хабарлады  Almaty-akshamy.kz.

Мұндай тосын сыйлық алғанын Абзал Әжіғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.

«Бүгін маған беймәлім телефон номерінен бір кісі хабарласты. Телефонды көтерсем, Александр Винокуров екен. Шыны керек, кешегі жазбамнан кейін бір тәулік өтпей жатып, телефон соққанына таң қалдым. Ол менің жазбамды оқыпты. Мені қолдайтынын айтып, Бейжің Олимпиадасындағы нәтижеммен құттықтады. Сосын ол үйіне қонаққа шақырып, велосипед сыйлады. Мен үшін бұл жай сыйлық емес. Қазақта «Көңіл көңілден су ішеді», дейді ғой. Ең бастысы оның көңіліне риза болдым», – деп жазды спортсмен.

Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абзал Әжіғалиев өзі айналысатын спорт саласындағы аз-кем кем-кетіктер туралы ашып айтып, Facebook парақасынжа жазба жариялаған болатын. Онда спортсменерге велосипед керектігін де айтқан болатын.

«Маған облыстық спорт басқармасы осыған дейін бірнеше рет «велосипедті алып береміз» деп уәде берді. Қазір енді сұрасам: «тым қымбат», - дейді. Ең болмаса станок алып берулерін сұрадым. Спонсорларға осы өтінішімді айтып көріп едім, ол да жауапсыз қалды. Бізде «спортты дамыту керек» деп көп айтады. Бірақ, ана жолы айтқанымдай, қысқы спорт үнемі жазғы спорттың тасасында қалып қалады. Қысқы спорт ешкімге қызық емес. Жағдай тек өзім үшін жақсарсын деп емес, жалпы жастар да бұл спортпен айналысса, осы спорттың еліміздегі болашағының бар екенін көрсеткім келеді», - деп хажған болатын Абзал.

Спортшы жазба қалдырғанына бір тәулік өтпей жатып, Александр Винокуров велосипед сыйлағанын хабарлап отыр.

«Осындай кезде оның қолдау көрсеткеніне ризамын. Қазір көңіл-күйімді бір ауыз сөзбен жеткізе алмай тұрмын», – деп жазды  Абзал Әжіғалиев.