Алдағы жылдары елімізде 5 бірдей шетелдік ЖОО-ның филиалдары ашылмақ

Алдағы жылдары елімізде 5 бірдей шетелдік ЖОО-ның филиалдары ашылмақ
Сурет: Kp.ru

Оның техникалық бағыттағы 2 оқу орны елдің батыс өңіріне тиесілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өңірлеріне үздік педагогтер тартуды және жастарды жұмыспен қамтуды көздейтін гранттар бөлуді тапсырған еді. Бұған оралдық ғалымдар қуанып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Себебі Қазақстанда гуманитарлық бағыттағы мамандардың көптігі сезіледі», – дейді олар.

«Мүмкін қажет те болар, бірақ көп жылдан бері бізде гуманитария басымдау болып кетті. Президент айтты ғой, бізде атомдық өнеркәсіпті, сутегі өндірісін игеру керек. Электр қуаты, баламалы энергетика бар, бірақ электрик мамандары жетіспейді», - дейді Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов.

Оралдағы агротехникалық университет шетелдік оқу білім ордасы филиалына база беруге дайын. Бұл сұранысқа ие кадрларды даярлауға мүмкіндік береді деп есептейді университет ректоры.

«Сондықтан шетелдің университеттерін бізге тартып, ең жақсыларын, соның ішінде батыс өңіріне деген екеуін, жаңа технологиясымен бірге осы университеттерге шоғырландырып, тура сол білімді сол жерде бере алатындай болса екен. Себебі студенттерді шетелге жібергенше, олардың мамандарын осында шақырған жеңіл», - дейді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры Асқар Наметов.

Білім сапасын көтеру, жастар арасында жұмыссыздықты жою, олардың іскерлік бағыттағы ұсыныстарын қолдау Үкімет алдындағы басым міндеттер болмақ.