Алаяқтар қарап жатпайды...

Алаяқтар қарап жатпайды...
Сурет: ашық дереккөз
Қазақстанда телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Енді қаскөйлер бас есепшілерді нысанаға ала бастады. Мамандар жеке компанияның табысына қарай шығын көп болуы мүмкін деп есептейді. Zakon.kz алаяқтарға алданбаудың жолын анықтап көрді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

"БЖЗҚ" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрі – өзін БЖЗҚ қызметкері ретінде таныстырып, қандай да бір компанияның бас бухгалтеріне қоңырау шалып, сол ұйымның қызметкерінің зейнетақы шоты бұғатталғаны туралы хабарлайды. Себебі оның компания БСН-ы бар транзиттік шоттарына тыйым салынған.

Бұғаттан шығару мақсатында бухгалтерлерге алаяқтардың шотына берешек соманың жартысын салуға кеңес береді, әйтпесе компанияға зейнетақы жарналарын уақытылы есептемегені үшін айыппұл салынады деп қорқытады.

"Осылайша, телефон арқылы сөйлесу барысында алаяқтар құрбандарын олардың шоттарына көп сомада аударым жасауға итермелейді. Зиянкестер әлемнің кез келген елінде болуы мүмкін және көбінесе телефон нөмірлерін интернет желісінен табады, жәбірленушінің аты мен әлеуметтік жағдайын әртүрлі мессенджерлер мен қызметтер арқылы әлеуметтік желілерден біледі".Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі

Телефон алаяқтарының қолынан қанша қазақстандық зардап шеккенін БЖЗҚ нақтыламады. Дегенмен БЖЗҚ сұрақтар туындаған жағдайда азаматтарға тек 1418 телефоны бойынша ресми байланыс орталығына хабарласуға шақырды немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қалалық филиалдарына да кеңес сұрап жүгінуге болады.

Алаяқтың құрығына түсіп қалмау үшін мына нәрсені білгеніңіз жөн:

  • БЖЗҚ функцияларына салымшылар мен алушыларға жинақтаушы зейнетақы жүйесі мәселелері бойынша ақыл-кеңес беру, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тарту, зейнетақы жинақтарының дербестендірілген есебі және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру кіреді;
  • зейнетақы жарналарын төлеудің толықтығы мен уақытылы жүргізілуін БЖЗҚ емес, салық органдары бақылайды;
  • зейнетақы жарналарын ұзақ уақыт бойы төлемеген жағдайда, БЖЗҚ қызметкерлері салымшыларға төлем жасамау себебін анықтап, қажетті ақыл-кеңес кеңес беру мақсатында ғана қоңырау шала алады;
  • БЖЗҚ қызметкерлерінің қаражатты белгілі бір шотқа аударуды талап етуге құқығы жоқ.

Бұл ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаяқтардың әрекетінен бірінші кезекте жеке кәсіп иелері мен қызметкерлері, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қаржы тұрғысынан зардап шегуі мүмкін деп есептейді.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының бизнесті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Мейрамбек Қаныбековтің айтуынша, есепшілердің телефон алаяқтарымен сөз байласуы жағдайды ушықтыруы мүмкін.

"Әрине, мұның қылмыстық мәні бар және оны басқа біреудің меншігіне жасалған қастандық ретінде қарастыру керек. Бұл ұйымдасқан қоңыраулар болса, одан да сорақы. Есепшілер алаяқтармен келісімге келуі мүмкін. Бірақ мұндай деректі тергеу әдісімен дәлелдеуге тура келеді. Кейбір жосықсыз есепшілер мұндай қоңырауларға өздері бастамашылық жасап, қызметкердің жеке деректерін беріп, ақша бопсалауы мүмкін. Бұл басқа мәселе. Егер мұндай фактілер болса, онда құқық қорғау органдарына хабарласу керек".Мейрамбек Қаныбеков

Дегенмен, оның айтуынша, кәсіпкерлер алаяқтықтың жаңа түріне қатысты шағыммен әзірге палатаға жүгінбеген. Ал іс қылмыстық сипатта болғандықтан, бизнесмендер көбіне тікелей полицияға жүгінеді. Бұл тұрғыда сарапшы жеке компанияның табысына байланысты шығын көп болуы мүмкін деп есептейді. Ол өзін қорғау үшін тек ресми органдарға сенуді және белгісіз нөмірлерден қоңырауларды қабылдамауды ұсынды.