Алаш деп өткен азамат

Алаш деп өткен азамат
Сурет: Ш.Шахай

Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына - 90 жыл

Қаламызда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл толуына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Ғылыми конференцияға О. Сүлейменов, М. Жолдасбеков, М. Жұрынов, С. Терещенко, Қ. Сұлтанов сынды белгілі қоғам қайраткерлері қатысып, айтулы тұлғаның еңбегі туралы естеліктерімен бөлісті. 

«Өзбекәлі Жәнібековтің жасаған жұмыстарын біз енді түсініп жатырмыз. Оның тікелей араласуымен Алаш арыстары ақталған еді. Бұл іс бойынша ол тынымсыз еңбек етті. Соның арқасында Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев және т.б. есімдері елмен қайта қауышты. Мұндай басшылар бізге керек еді, бүгін де керек және әрқашан қажет болады. Сондықтан да біз Өзбекәлі Жәнібековті осы типтегі басшы ретінде үнемі еске аламыз, деді, - өз сөзінде Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов.

Мырзатай Жолдасбеков Өзбекәлі Жәнібековпен бірге жұмыс істеген кездерін еске алып, естеліктерімен бөлісті.

«Мені қасынан қалдырмайтын, ел аралап бірге жүрдік. Қазақтың ой-санасы туралы айтқанды жақсы көретін. Сөйлеп кетсе, кеудесі кеңсарай еді. Өзі тарихшы, этнограф болды. Бірталай кітаптар жазды. Жаны таза адам еді. Мемлекет мүлкіне еш қол сұқпаған адам», - деді ол.

Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы Арыстан баб қорық музейі маңындағы жабылып қалған Өзбекәлі Жәнібеков музейі тарихи-этнологиялық сипатта қатарға қайта қосу, Түркістан қаласында кең көшеге есімін беріп, ескерткішін орнату, 5 томдық шығармалар жинағын толықтырып жарыққа шығару және өмірінен деректі кино туындылар жасау, өзі оқыған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы аудиторияны ашу, сондай-ақ халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу туралы ұсыныстарын жеткізді.

Жиын барысында Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы тарапынан ҚР Мемлекеттік мұрағатынан алынған құжаттар мен фотосуреттер қойылған Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қайраткерлік қызметіне қатысты көрме ұйымдастырылды. Олардың қатарында Бүкіләлемдік ЮНЕСКО тізіміне енген мәдени мұра құжаттарының көшірмесі бар.