Қытырлақ картопқа әуессіз бе?

Қытырлақ картопқа әуессіз бе?
Сурет: Newsorel.ru

Бүгін - дәмі тіл үйірер «чипстердің» туған күні.

Осы күні көпшіліктің, әсіресе, балалар мен жастардың сүйікті тіске басарына айналған «чипстер» алғаш рет осыдан 168 жыл бұрын дайындалған екен. 24 тамыз – «Қытырлақ картоптың» туған күні. Оның шығу тарихы мынандай:

Қытырлақ картопты алғашқы болып жасаған адам – Джордж Крам. Нью-Йорк штатының шағын бір қаласында Moon's Lake Lodge қонақ үйіндегі мейрамханының қара нәсілді бас аспазы оны кездейсоқ әзірлеген. Қуырылған картопқа тапсырыс берген келушілердің бірі аспазшының ұсынған тағамын өте қалың туралған деп жеуден бас тартқан. Сол кезде Крам картопты қағаздың жұқалығындай етіп турап, тұз себелеп, оны қайнап жатқан майда екі жағынан қуырып «қытырлақ» күйінде ұсынған.

Аспаздың таңданысына қарай, қайтадан әзірленген тағам клиенттің көңілінен шыққан. Көп ұзамай, «Саратога чипстері» танымал бола бастап, мекеменің фирмалық тағамына айналған. 1860 жылы Крам өзінің жеке мейрамханасын ашады және ол жердің ас мәзірінде үнемі «қытырлақ картоп» табылатын көрінеді.

Өткен ғасырдан бері келе жатқан чипстердің бүгінде түр-түрі бар. Тіпті оның баламасы ретінде алма, алмұрт және экзотикалық жеміс-жидектерден де жасалған түрлері де жақсы таныс. Киноға барғанда, көшеде жүргенде немесе жолға шыққанда алып жүруге ыңғайлы әрі дәмі тіл үйірер қытырлақ картоп бүгінгі таңда кез келген дүкен сөрелерінен табылады. Салмағы жеңіл болғанмен, бұл тағамның адамның тісіне, жалпы денсаулығына келтірер зияны айтылып та, жазылып та жүр. Сондықтан оны барынша азырақ тұтынып, ағзамызға келтірер кері әсерінен де сақтанып жүрген абзал.