Алакөлде суға батып бара жатқан адам құтқарылды

Алакөлде суға батып бара жатқан адам құтқарылды
Cурет: Ашық дереккөз

Балықшы резеңке қайықпен шыққан

Алакөлде суға батып бара жатқан балықшы құтқарылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2022 жылғы 24 маусым күні таңғы сағат 6:20-да құтқарушылар пультіне Ақши ауылында Алакөл көлінің жағалауынан 1 шақырым қашықтықта куәгерлер төңкерілген қайықты байқағаны туралы хабарлама келіп түсті.

Алакөл өңірінің, Ақши ауылының Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары дереу шақырту орнына шықты.

«Шақыру орнына келген бойда 1968 жылы туған ер адам, Алматы қаласының тұрғыны резеңке қайықта, балық аулау кезінде қатты желдің салдарынан, қайық аударылып кеткені анықталды. Балықшы төңкерілген Қайықтың жанында суда болды»,-делінген хабарламада.

Ер адам қауіпсіз жағаға эвакуацияланды, медициналық көмек қажет емес еді. Құтқарылған адамға судағы қауіпсіздік ережелері және суда құтқару кеудешесінсіз жүрудің салдары туралы түсіндірме әңгіме жүргізілді.

Құтқарушылар азаматтарды судағы барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.