Ақтөбеде көп қабатты үйге Димаш Құдайбергеннің муралы салынады

Ақтөбеде көп қабатты үйге Димаш Құдайбергеннің муралы салынады
Сурет: Inform.kz

Ақтөбеде қаланы дамыту жоспары талқыланды.

Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйге әнші Димаш Құдайбергеннің муралы салынады. Сонымен бірге әншінің жанкүйерлеріне арнап туризм саласын дамытуға болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтөбеде қаланы дамыту жоспары талқыланды. «Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі шаһарды абаттандыру тетігін ұсынды. Таныстырылым кезінде сарапшылар қала көшелеріне он арт-нысан, шағын архитектуралық мүсін орнату жолын айтты. Сонымен бірге қабырғаларға сурет салу қажет. Алаңдардың, саябақтардың орналасу дизайнын да көрсетті. Қоғамдық кеңістікті дамыту жобасы шеңберінде Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты аумағында ашық аспан аясында ұшақтар мұражайын, амфитеатр, балалар алаңын орналастыру ұсынылды. Астана саябағының аумағында жастар алаңын, қаладағы Тәуелсіздік даңғылында 2,5 шақырымдық саябақ салу да назарда болады. Бөкенбай батыр даңғылы бойынан халықаралық әуежайға дейін сарматтар дәуірінен Қазақстан хандығына дейінгі тарихымызды бейнелейтін арт-нысандар орналастырылады. Ақтөбедегі көп қабатты үйлердің қабырғаларына Димаш Құдайбергенге арнап мурал салуды ұсынды.

«Димашты еліміздің бренді деуге болады. Ақтөбе — оның туған жері. Сондықтан жанкүйерлері біздің қалаға жиі келіп тұрады. Бұл - туризм саласын дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Біз соны барынша пайдалануымыз керек. Облыс орталығы барлық талапқа сай, демалу үшін барынша қолайлы болғаны жөн»,- деп атап өтті Е.Тоғжанов .

Сондай-ақ, өңір басшысы қоғамдық кеңістік пен тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланың ескі бөлігіндегі аулалардың аумағын абаттандыру сұрақтарына ерекше назар аудару керек деп санайды. Соған байланысты Жанқожа батыр, Некрасов, Кереев көшелеріне рекрациялық аймақтар жасап, теміржол вокзалы аумағы мен сол маңдағы аулаларды абаттандыру жобалары ұсынылды. Таныстырылымды тыңдап шыққан Ералы Тоғжанов түзетулер енгізіп, жобаның жүзеге асырылатын мерзімін нақтылауды тапсырды.