«Ақшамның» тарихы – Алматының тарихы

«Ақшамның» тарихы – Алматының тарихы
almaty-akshamy.kz

Шілденің 1-і күні «Алматы ақшамының» жарық көргеніне 35 жыл толды. Бұл басылымның қадыр-қасиетін, мән-маңызын оқырман жақсы біледі. Бүгінде басылым нөпір, әрине. Көп болғаны да жақсы. Ал «Ақшамның» қадірлі болатыны ол кешегі кеңес тұсында, яғни бір шеге шығару үшін де Мәскеумен мақұлдасатын кезеңде дүние есігін ашты. Бұл ол заманда шын мәніндегі сенсация еді. Алғаш рет Алматыда өткен аламан айтыста Ә.Қалыбекова мен Ә.Жанқұлиевтің (рухтары шат болсын) айтысында «Алматыда қазақ тіліндегі қалалық газет неге жоқ?» деген жанайқай қоғамда үлкен дүмпу туғызды. Жалпы, бұл айтысқа демократиялық жаңғырулардың басы деп қарау керек. Осы ұсыныс билік тарапынан да әупірімдеп қолдау тауып, Ө.Жәнібековтің, Р.Бердібаевтың, тағы басқа да ұлт зиялыларының табандылығының, ашық күресінің арқасында «Алматы ақшамы» оқырман қолына тиді. Оған ресми түрде «Қазақ тілінде республикаға тарайтын қоғамдық, саяси қалалық басылым» деген арнайы мәртебе берілді.

Кез келген басылымның әр кезеңде қалдырған өз қолтаңбасы, бағыт-бағдары болады. Бұл ретте «Алматы ақшамының» алғашқы бас редакторлары болған көрнекті қаламгерлер – Исламғали Бейсебаев пен Ерғали Сағаттың еңбегі көл-көсір. Олар ел көптен күткен басылымның қалыптасып, оқырман көңілінен шығуы жолында іргелі ізденістерге жол ашты. Алғашқы мұзжарғыш ағаларымыздың салып берген барақатты бағыт-бағдары басылымда одан әрі сәтті жалғасын тапты. Осы тұрғыдан тәпсірлесек, газет жарияланымдарының да өз ерекшелігі, тартымдылығы болды. Көптеген жобалар ел ықыласын туғызды. Соның ішіндегі шаһар шежіресінен сыр шертіп, қызықты деректер мен дәйектерге құрылған, оқырман назарын айрықша аударған сәтті жобалардың бірі – «Алматыны басқарғандар» еді. Қалай десек те, Алматының тарихы – Алаштың тарихы. Алып қала – Алматыны басқарған әр басшының сол тұстағы жанкешті жұмысы, елге сіңірген еңбегі әркімге де үлгі-өнеге болуға тиісті. Олар – түрлі тағдырлы тұлғалар. Айтпағымыз, қазір осы жоба аясында жарияланған жазбаларға оқырман сұранысы арта түсті. Сондықтан да оқырмандарымыздың тілегін қанағаттандыру мақсатымен бүгіннен бастап Алматыны басқарған тұлғалар туралы үзінділер беріп отыруды жөн көрдік.

Тұлғаға құрмет – елге құрмет. Тарихты жасайтын тобыр емес, тұлға. Сондықтан бүгінгі, келешек ұрпақты тұлға арқылы тәрбиелеудің маңызы да зор. Тарихтан тағылым түю, сабақ алу бүгінгі алматылықтардың да перзенттік, азаматтық парызы деп пайымдаған жөн. Сонымен...

 

Алматыны басқарғандар.  Павел ЗЕНКОВ

Almaty. Алмалық. Алматы. Алматының тарихы қатпарлы тарих. Оның әр даму кезеңін тарқатып айтуға дерек, дәйектер мол. Тарихшылардың дәлеліне жүгінсек, қаланың үшінші даму кезеңін Ресей отаршыларымен тығыз байланыста қарастырады.

Ресей империясы 1846 жылы Ұлы жүз қазақтарын «бағындырып», оларды басқару үшін 1848 жылы алғаш рет Үлкен Орда қазақтары жанынан пристав лауазымын енгізді. Осыдан барып ғасырлар бойы жергілікті қазақтардың басқаруында болып келген Алмалы өмірінің халқы енді Семей әскери губенаторының дәргейіне көшті.

Арада едәуір уақыт өткізіп, 1854 жылы кіші Алматы өзенінің сол жағалауына «Заилийск» әскери бекінісі салына бастайды. Бұл бекініс 1857 жылы 2 ақпанда Верный болып аталды.

Осылайша орыстардың тарихты өзі келген жерден бастайтын басқыншылығы күрт белең алып, ежелгі Алматының атауын жою әрекеттері жойқын басталады. Мұнымен қоймай, 1867 жылы 11 сәуірде Ресей патшалығы Министрлер кабинетінің жарлығымен Верный бекінісіне қала мәртебесі беріледі.

Алайда, оған Алматы деген бұрынғы атауын қайтарғанымен, ресми билік көп ұзамай ол ойынан қайтып, сол жылғы қыркүйекте қайтадан Верныйға өзгертеді. Сөйтіп, шаһар Түркістан генерал губернаторлығының Жетісу облысы Верный уезінің әкімшілік орталығына айналып шыға келеді.

Әуелде шаһар шаруашылығын басқаруды арнайы комитетке жүктегенімен, ол тізгінге ие бола алмайды. Содан патша өкіметі қалалық дума құруға пәрмен беріп, алғашқы отырысында Верный қаласының басшысы (голова) етіп, белгілі сәулетші Андрей Зенковтың әкесі, Жетісу облыстық басқармасы құрылыс бөлімінің кіші инженері Павел Зенковты сайлайды. Ал енді кейбір дерек көздерінің жазуынша, П.М.Зенков Верныйдың бірінші басшысы болып 1867 жылы күзде бекітіледі.

Бұл кісі қандай ісімен есте қалды дегенге келсек, ол алдымен қаланы көріктендіру, базарлар жағдайы, жергілікті сауда мен өнеркәсіп, білім, денсаулық сақтау салаларын дамытуды қолға алды. Әсіресе, шаһарда ағаш кесушілер үшін қатаң жаза қолданылды.

Мәселен, осы өңірді билеп, төстеп жүретін ең ірі көпес Никита Пугасов шарап шығаратын зауытына ағаш кескені үшін 25 сом айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Айтқандай, аты жер жарған көпесіңіз Медеу Пұсырмановтың алдында өзін әркез төмен санап, құрмет көрсетіп отырған екен. Сонымен қатар, үйде ит ұстағаны үшін түтін басына 1 сом 50 тиыннан салық салған.

Мына бір дерек назар аударады. Қалабасы Павелдің баласы Андрей Зенков сәулетші болған кісі. Осы мына қазіргі Панфилов саябағындағы шіркеуді шегесіз ағаштан қиюластырып салдырған осы кісі деседі.

Бір ғажабы, содан бері қанша уақыт өтсе де, Алматыда қанша зілзала болса да, осы ғимараттың қабырғасына бірде-бір сызат түспеген. Айтпағымыз, осындай зиялы ортадан шыққан қалабасы жергілікті халыққа деген құрметімен де есте қалған. Бұл кісі Алматыға (Верныйға) келісімен өзі үшін «қазақша-орысша» сөздік жасапты. Оны жергілікті адамдармен тіл табысып, тіл үйрену үшін жасаған. Мәдениетті, өзге елдің салтын, дәстүрін сыйлайтын, құрметтейтін, шовинистік пиғылдан таза, ниеті түзу аса зиялы адам ғой. Қазір тіл үйрену үшін бар жағдай жасалып қойған заманда селт етпейтіндердің есіне осы деректі сала кеткеннің де артығы болмас. Кезінде бұл кісінің сол тіл үйрену үшін жасаған сөздігі де архивтен алынып, «Алматы ақшамында» жарияланды.

Дайындаған  Қ.ҚОШҚАРҰЛЫ.