АҚШ-та ипотекалық несие мөлшерлемесі рекордтық 6%-ға жетті

АҚШ-та ипотекалық несие мөлшерлемесі рекордтық 6%-ға жетті
Сурет: Ria.ru

Көптеген әлеуетті клиенттер үй сатып алудан бас тартты.

Ипотека мөлшерлемесі 2008 жылдан бері алғаш рет 6 пайызға жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Ипотека мөлшерлемесі өткен аптада 5,89%-дан 6,02%-ға көтерілді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам жоғары – 2,86% өсіп, 2008 жылдың қарашасында тұрғын үй нарығының құлдырауы ұлы рецессияны тудырғаннан кейін тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Федералды резервтік жүйенің инфляцияны тежеуге бағытталған агрессивті шараларының нәтижесінде пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуі тұрғын үй нарығын тежеді. Көптеген әлеуетті клиенттер үй сатып алудан бас тартты, өйткені жоғары мөлшерлемелер ай сайынғы ипотекалық төлемдерді жүздеген долларға көбейткен. Ұлттық риэлторлар қауымдастығының мәліметінше, АҚШ-тағы үйлердің сатылым көрсеткіші қатарынан алты ай бойы төмендеп келеді.

Үйлерін қайта қаржыландырғысы келетіндер арасында сұранысқа ие 15 жылға белгіленген ипотека бойынша орташа мөлшерлеме өткен аптада 5,16%-дан 5,21%-ға дейін өсті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2,19 пайыз болды.

Үкімет АҚШ-тың экономикалық көрсеткіштері сәуір-маусым аралығында жылына 0,6%-ға төмендегенін, бұл – экономиканың екінші тоқсан қатарынан құлдырауы және рецессияның бейресми белгісі екенін мәлімдеді.

Дегенмен, экономистердің көпшілігі АҚШ-та еңбек нарығының тұрақты болып қалуын ескере отырып, экономиканың рецессияда немесе рецессия алдында тұрғанына күмәнданатынын айтты.