АҚШ асыраған ару...

АҚШ асыраған ару...
almaty-akshamy.kz

жүрек түкпіріндегі жан сырымен бөліседі


«Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасында жан сырын ақтарған Динара есімді қазақ қызының бүкпесіз әңгімесін газетіміздің өткен нөмірінде өздеріңізбен бөліскен болатынбыз. Ал бүгін Сабинаны тыңдаймыз.

 

ЕКІНШІ ОҚИҒА: ЕЛ ЖАҚТАН КЕЛГЕН ХАТ ҚУАНТПАДЫ...

САБИНА, 23 жаста,

Астанада өмірге келген, сегіз айлығында мұхит асқан қазақ қызы. Ол бұған дейін Facebook арқылы «Өмірде бар, жер басып жүрген биологиялық анамды іздеймін» деген жазба қалдырған болатын.

– Мен Вирджиния штатындағы (АҚШ) ауыл-аймақта өстім. Ата-анам әлі күнге сол жақта тұрады. Үйіміз кішкентай болса да, жеріміз кең. Мал шаруашылығымен айналыстық, қой, сиыр, жылқы ұстадық. Иттерді жақсы көремін.

Университетте оқып жүргенде асырап алынған балалар жайлы эссе жаздым. Тастанды балалардың өзіне, айналасына деген сенімі аз болады. Жалпы, баланың алғашқы эмоциялық әсерлері анасынан беріледі. Нәресте құрсақта жатқан сәттен бастап бәрін сезеді. Анасының оны өмірге келген соң тастап кетуге бекініп жүргенін, өміріне қауіп төнгенін сезеді және өмірде бейсаналы түрде осы қатерлі сезіммен тірлік кешеді.

Бірақ мұның неден туындағанын түсінбейді. Тұпсанада бәрі сақталады. Мен өзіме бейсаналы түрде үнемі жетіспей тұрған бір нәрсені іздеп келіппін.

Асырап алған адамдар менен қамқорлығын аяған жоқ. Бірақ бәрібір бір асыл дүниемді жоғалтқандай күй кештім.

 

***

– Мені бағып алған әке-шешем қашан туған ата-анасы жайлы сұрайды екен деп күтіп жүріпті. Генеология ғылымына қызығатынмын. Оған дейін мен шыққан тегім туралы мүлдем ойланбаппын. Сосын 2020 жылы анамнан сұрадым. Анам қолыма өзім туралы жазылған бүкіл құжатты ұстатты. Мен 2000 жылы 27 ақпанда Астанада дүниеге келіппін. Туу туралы куәлігімде шын аты-жөнім Асқарқызы Сабина Ыдырысова деп жазылған. Туған анам туралы да ақпарат бар екен. Оның екінші перзенті екенмін. Мені туғанда 29 жаста болған. Мені тастап кетерде өзінің мекенжайын қалдырыпты. Бірақ полиция қызметкерлері іздеп таппапты. Ондай мекенжай атымен жоқ екен. Құжатта туған анамның аты-жөні Гүлнар Мұхиддинқызы Ыдырысова, ал әкемнің аты-жөні Асқар Ыдырысов деп жазылған. Әлеуметтік желіден іздеп таппадым. Қазақтарда

Гүлнар, Асқар деген кісілер өте көп екен. Көңілім түсіп, іздеудің еш мәні жоғын түсіндім. Олардың түрін, қандай болғанын мүлдем білмей кетемін деп күрсіндім. Ойламауға тырыстым. Тек өткен жолы досым тағы сұраған соң, «тағы бір іздеп көрейінші» деп жаздым.

 

***

– Менің жазбама Қазақстан халқы соншалықты назар аударады деп ойламадым. Facebook-та, Instagram-да көп адам жазды. Ақпарат сайттарында жарияланды. Түрлі пікірлер оқыдым. Кейбіреулер «туған ата-анаңды табатыныңа сенеміз» десе, кейбіреулер «не үшін іздейсің, сені тастап кеткен адамдарды қайтесің, тапқан күнде де жүрегіңді ауыртасың» деп жазып жатты.

Шынымды айтсам, қазақ халқының неге осыншалықты мән беріп, жан-жаққа жариялап жатқанына таңғалдым. Сосын анамнан сұрадым. Анам: «Қазақ халқының сондай ерекше қасиеті бар. Егер бір қазақ көмекке мұқтаж болса, бәрі жабылып қолдайды. Бір отбасы сияқты бірігеді. Қазақтың болмысы сондай, бір-біріне жанашыр. Қанымыз бір деп араша түседі, көмектеседі. Отбасылық құндылықтарды қатты дәріптейді», – деді.

 

***

Бір күні Сабинаға Қазақстаннан хат келді. Бірақ туған анасынан емес. Сол адамның әпкесінен екен. Алыстағы апайы «Сенің табылғаныңды сіңліме айтып едім, үндемеді. Көңіліңе алма. Мен-ақ сенің анаң болайын» депті хат иесі.

***

– Анамның әпкесі бірінші рет хат жазғанда, оны түсіну үшін маған уақыт керек болды. Бір кезде барып өз-өзімнен өксіп тұрып жыладым. Маған не болды сонша деп өзіме таңғалдым. Шыққан тегімді білгім келіп, іздеуді бастағанда, көңілді, қызықты зерттеу жүргізіп жатқандай болғанмын. Бірақ туысқан әпке-сіңлілерім жаза бастағанда, суреттерін жібергенде, жүрегім сыздап қоя берді. Өне бойым шымырлап, кеуде тұсым шаншыды. Қатты жыладым. Ұзақ жыладым.

Бұл қиын екен. Мүлдем басқа әлем, өзге өмір. Мен сүруге тиіс өмір еді. Бұл жәй әншейін ермек емес. Зерттеу емес. Бұл – адамның тағдыры. Менің тағдырым. Өзімнің бір бөлігім үнемі бір сұрақтардың жауабын іздеп жүріпті. Ол «мені неге тастап кетті, мен кіммін, туған ата-анам кім?» деген сұрақтар еді. Жанымның бір бөлшегі өзін жоғалтып алғандай, айдала жападан-жалғыз қалғандай күй кешіппін.

 

***

– Туған анамның неге менімен байланысқа шыққысы келмейтінін түсінемін. Егер бұл ашуға болмайтын құпия болса, осы өмірде менің бар екенімді ешкім білмеуге тиіс болса, туған әкеме қатысты айтылмауға тиіс әлдеқандай сыр бар болса, қиналсам да көнер едім. Мен оның жеке өміріне қол сұғудан аулақпын. Бірақ өзімнің шыққан тегім туралы білгім келеді. Асырап алған анам өте мейірбан адам. Бірақ бәрібір де туған анамның сипатын аңсаймын. Ол менімен араласпай-ақ қойсын, тек туған анам екенін мойындаса болды, жаным тынышталар еді...