Жеке сәйкестендіру нөмірі өзіңізге опық жегізбесін

Жеке сәйкестендіру нөмірі өзіңізге опық жегізбесін
Сурет ашық дерек көзінен алынды

2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық тіркеуші нөмірінің орнына жеке сәйкестендіру нөмірі қолданысқа енді. Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН)  –  жеке куәліктің бет жағында орналасса, паспорттың 32-бетінде тұрады. Жеке басты растайтын бұл нөмірді енгізудегі басты мақсат – белгілі бір тұлғаға қатысты мәліметтерді тіркеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Аталған нөмір жеке куәліктерге 1997 жылдан бері басылып жүр. Себебі,  кез келген елде азаматтың тұрғылықты мекен-жайына қарамастан, жеке басын куәландыратын құжаты болуға тиіс.  

    Заманауи технологияның көмегімен алаяқтықтың жаңа түрі белең алып барады. Солардың бірі – осы  жеке тұлғаларға берілетін сандық код – ЖСН арқылы жасалатын алаяқтық. Азаматтардың ЖСН арқылы  алаяқтыққа тап болғанын  Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеушіні іздеу» қызметі арқылы білуге болады. Бар болғаны азаматтың  аты-жөнін білсеңіз болды. Керек адамның фамилиясын тересіз, робот емес екеніңізді дәлелдегеннен кейін, бірер минуттан соң  ЖСН шыға келеді. Бұл сервис кері тәртіппен де жұмыс істей береді. Яғни  қолыңызға алдымен ЖСН түссе, ол азамат туралы деректі анықтау қиынға соқпайды.

    Жеке сәйкестендіру нөмірі секілді басқа да жеке деректер заңмен қорғалады. 2013 жылы 21 мамырда қабылданған  «Дербес деректер және оны қорғау» туралы Заң бар. Ол Заңда дербес деректердің және оларды қорғаудың қалай жүзеге асатыны, жеке дербес деректерді қалай жинап, сақтайтыны және ол деректерді кімнің жинауға мүмкіндігі бар екендігі мен жария болмауы секілді  жауапкершілік толық қамтылған. Тіпті, бұл  заңнаманы бұзу деректері бойынша қылмыстық жауапкершілік те көзделген.

    «Кез келген адамның жеке, дербес деректері жұмыс берушіде, зейнетақы тағайындау органдарында, банктерде, ұялы телефон оператор қызметкерлерінде сақталады. Аталған ұйымдардың барлығы да заң аясында  дербес деректерді мұқият  сақтауға, қорғауға міндетті және басқа тұлғаның қолына түспеуіне жауапты. Егерде аталған мекемелер заңмен бекітілген міндетіне салғырттық танытып, жеке деректер басқа тұлғаның қолына түсетін болса, қылмыстық жауапқа тартылады. Ол Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу деп аталады. Бұл  бап  дербес деректерді  қолдану  міндеті жүктелген адамның деректерді  сақтамай,   азаматтардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтірсе, құқықтық жауапқа тартылады. Тіпті, 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, осы бапта дербес деректерге қолсұғушылық, заңсыз жинау, сақтау, тарату сияқты әрекеттер үшін де жаза бар.

    Қылмыстық кодекстегі арнайы бап бойынша әртүрлі деңгейлі жылдарға бас бостандығынан айырылады. Алаяқтық қылмысы Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 190-бабымен сараланады. Келтірілген залалдың көлеміне, қылмыстың жасалуына және қылмыс жасаған азаматтың бұрын-соңды сотталған немесе сотталмаған жағдайына сай  әртүрлі жазаға тартылуы мүмкін. Қарапайым тілде айтар болсақ, айыппұл салумен басталып, тармақтарына байланысты ең ауыр жаза 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы көзделген.

    Жеке дербес мәліметтеріне, құжаттарына салғырт қарап, танымайтын адамға бере салудың өзі сауатсыздық деп санаймын. Әккі алаяқтардың құрығына көбіне зейнеткерлер ілініп жатады.  Мемлекеттік, құқық қорғау органдары дербес деректерді сақтауға міндетті ұйымдар мен құзырлы органдар тарапынан халыққа әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға жеке деректерін құпия сақтау түсініктерін жиі жүргізу керек. Мысалы, егде жастағы азаматтар халыққа арналған үкімет органына барып, электрондық  цифрлық қолтаңбаны алды делік. Алған кезде берілетін құпия сөз барлығында бірдей болады. Азамат оны өз қалауынша өзгерте  алады. Бірақ көбісі оны өзгертуді ұмытып кетеді немесе қалай өзгертетінін білмейді.  ЭЦҚ бар флешка немесе компьютерде сақталған құпия сөз біреудің қолына түсетін болса, жеке мәліметті  білу қиын емес», – дейді заңгер Мәди Маратұлы.  

     

    Маман кеңесі

    Нұрсұлтан РАУАН, ІТ маманы: Құпия сөзді дұрыс таңдау керек

    ЖСН – әр азаматты код арқылы танып-білуге арналған арнайы жүйе. Жеке куәлік арқылы жасалынатын алаяқтықтан сақтану үшін ЖСН-ді интернет желісіне жүктемеген абзал.  Қатты қажеттілік болмаса, мессенджерлер арқылы басқа біреуге жібермеңіз. Жіберген күннің өзінде өшіріп тастауын сұраңыз. Алаяқтар жеке мәліметтеріңізді пайдалану арқылы сіздің атыңыздан микрокредит алып, қателесіп ақша жібергенін хабарлап,  ақшаны қайтарып беруін сұрауы мүмкін. Мұндай жағдайда алдымен банк қызметкеріне хабарласып, ақшаның қайдан, қалай түскенін анықтап алған дұрыс.  

    Басқа азаматтың телефоны мен компьютеріне жеке құпия сөз жазбауға тырысыңыз.  Жеке кабинетке кірген кезде құпия нөміріңізді өшіріп жүрсеңіз, жеке мәліметтерді компьютер немесе ұялы телефонды қолданған  келесі азамат пайдалана алмайды. Көпшілігі жеке құпия сөзге өзінің, жақын туыстарының туған күнін, жылын, айын қойып жатады. Осы жерде ескеретін жәйт, тек сандардан тұратын құпия сөз таңдамаңыз, яғни мүмкіндігінше, өзіңізге қатысы жоқ сан, әріп және таңбадан  құралған құпия сөз қолданыңыз. Құпия сөзді таңдаудың ең оңай жолы компьютерде кирилица әріптерінен құрастырылған сөзді пернелер арқылы латын әрпіне ауыстырып терген дұрыс. Кибералаяқтардан сақтанудың  басты жолы – осы.

    Қазір мекемелердегі компьютерге жеке карта арқылы кіру тәжірибесі сыналып жатыр. Әрбір картада қызметкерге бекітілген код-кілт болады. Компьютерде кардридер жалғанып, оған картаны жүктегеннен кейін ғана компьютер қосылады. Сол арқылы компьютерді қай қызметкер қолданып отырғанын білуге болады. Бастысы, қызметкердің қызметіне сәйкес қосылу деңгейі бар. Кейбірінің барлық жерге кіруге мүмкіндігі болса, кейбіреуіне тек Word, Exel құрылғыларын пайдалануға ғана рұқсат берілуі мүмкін. ЖСН мен жеке құпия сөз сақталмауын қадағалау қажет. Көпшілігі браузерде құпия сөзді қайта термеу үшін «сақтау» сілтемесін басады. Ол дұрыс емес.